
«Қазақстан темір жолы» компаниясы осы жылы мамырда IPO-ға шығып, 1 млрд доллар қаржы тартуы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg жазады.
Агенттік дерегінше, инвесторларға ҚТЖ акцияларының 25%-ы ұсынылуы мүмкін. Бағалы қағаздар Қазақстан және Лондон қор биржасына қатар орналастырылады деген жоспар бар.
Компанияның түпкілікті иесі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басқа мәліметтерін әлі хабарлаған жоқ. Бұған дейін ҚТЖ-ның 100% акциясының нарықтық құны 4 млрд доллар деген ақпарат шыққан еді.
«Бұл компанияның негізгі көрсеткіштеріне де, халықаралық тәуелсіз консультанттардың алдын ала бағасына да сай келмейді», – деп ескертеді қордан.
IPO өтетін нақты мерзім және биржаға шығатын акция көлемі де әзірге белгісіз. Қазір инвестициялық банктердің кеңесімен дайындық жүріп жатыр, тек содан кейін ғана анықталады.
Негізі компания акциялары 2023 жылы биржаға шығуы керек еді, кейін екі жылға шегініп 2025 жылға қалды. Бірақ былтыр да жүзеге аспай, осы жылға ауысқан.
Ескерте кететін жайт, ҚТЖ қарызы үлкен ұлттық компанияның бірі деп саналады. Дәл осы уақытта кредиттік портфелі 3,7 трлн-ға жеткен. Әзірге бұл қарыз мәселесі қалай шешілетіні белгісіз.