Енді ауа райына суперкомпьютер арқылы болжам жасалады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: ortcom.kz

«Қазгидромет» мекемесі әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ суперкомпьютер орталығының есептеу ресурстары арқылы Weather Research and Forecasting (WRF) сандық ауа райын болжау моделін іске қосты.

Мекеменің мәліметінше, қазір университет суперкомпьютерінде WRF моделі күн сайын автоматты түрде іске қосылады. Соның нәтижесінде Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша ауа температурасы, атмосфералық жауын-шашын, жел параметрлері және метеограммалар бойынша болжамдар жасалады. Есеп автоматты режимде жүргізіледі. Сонымен қатар модельдің шығыс деректерінің сапасы мен дәлдігін арттыру үшін оларды талдау қатар жүргізіледі.

Жоба елдің гидрометеорологиялық қауіпсіздігін нығайтуға, қауіпті табиғи құбылыстар туралы ерте ескерту жүйесін жетілдіруді көздейді. Сонымен қатар Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет пен елдің жетекші университеті арасындағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығын дамытуға арналған.

Айта кету қажет, 2 км ажыратымдылықтағы WRF моделін енгізу – Қазақстанда метеорологиялық қызметті дамытудағы маңызды қадамы. Ресми сайтта «Ауа райының сандық болжамы» бөлімі қолжетімді болады. Онда барлық пайдаланушылар модель есептеулерінің нәтижелерін және елдің бүкіл аумағы бойынша болжамды мына карталардан көре алады.

Сондай-ақ оқыңыз