
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жалған ақпаратты терістеді.
«Әлеуметтік желілерде Қазақстанда «сәтсіз екпелерден» кейін қызылшаға қарсы вакцинация науқаны тоқтатылды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – делінген мәліметте.
Комитеттің пікірінше, қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Вакцинация еліміздің барлық өңірлерінде Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде жүргізілуде.
Елде қызылшаның алдын алу үшін қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады.
«Аталған вакцина Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт бойы 1 жас және 6 жастағы балаларды жоспарлы иммундау шеңберінде қолданылып келеді және өзін тиімді әрі қауіпсіз профилактикалық құрал ретінде көрсетті. Бұл вакциналар әлемнің көптеген елдерінде кеңінен пайдаланылады», – делінген ақпаратта.
Қолданылып отырған вакцинаның өндірісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған. Бұл оның сапа, тиімділік және қауіпсіздік бойынша халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайды.
Аталған вакцинаны қолдануға байланысты әдеттен тыс реакциялар немесе асқынулар тіркелмеген.
Айта кететін жайт, елде фармацевтика саласында 670-тен аса жаңа жұмыс орны ашылмақ.