Lifestyle

Рэпер Qarakesek ісі сотқа түсті

Рэпер Qarakesek ісі сотқа түсті / Фото: Instagram / Qarakesek

Qarakesek бүркеншік атымен танымал рэпер Омар Амантаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің «Тасымалдау мақсатынсыз есірткі заттарымен, психотроптық заттармен және олардың аналогтарын заңсыз ұстау» бабы бойынша айып тағылды. Сот отырысы келесі аптада өтеді, деп хабарлайды Кazinform.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, рэпер Омар Амантаевтың ісі Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралады. Негізгі сот талқылауы 18 ақпанда сағат 14:30-да белгіленді.

Амантаев Қылмыстық кодекстің 296-бабының 3-бөлігі бойынша тағылған. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бұзушылықтарға жол берілмеген. Айыпталушы хаттамамен және іс материалдарымен танысқан.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2025 жылдың күзінде Ақтөбеде мас күйінде көлік жүргізгені үшін рэпер Qarakesek ұсталған еді. Ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сондай-ақ, есірткіні заңсыз пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденген жағдайда әншіге 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сондай-ақ, 50 күнге қамалуы мүмкін.