Тоқаев АҚШ елшісі Джули Стаффтты қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты одан әрі нығайтудың, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді сапалы іске асырудың маңызына назар аударды.
Елші Президент Дональд Трамптың ризашылығы мен ізгі тілегін жеткізіп, Құрама Штаттардың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға бейіл екенін айтты.
Джули Стаффт елде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға оң баға беріп, жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдумның табысты өтуіне тілектестігін білдірді.
Әңгімелесу барысында Бейбітшілік кеңесі аясындағы қарым-қатынас перспективасы қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құрылым тұрақтылықты нығайтуға, бейбітшілік пен халықаралық диалогты ілгерілетуге арналған тиімді алаңға айналуы қажет деп санайды.
Мұның алдында Қазақстан президенті Sunwah Group корпорациясының төрағасын қабылдаған болатын.