
Украина басшысы Владимир Зеленскийдің кеңсесі Украина, Ресей және АҚШ делегацияларының келіссөздерінің жаңа кезеңі 17-18 ақпанда Женевада өтетінін растады, деп хабарлайды DW.
Президенттің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвиннің сөзінше, Украина делегациясы алдағы үшжақты кездесуге дайындалуда.
Бұған дейін Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Женевадағы келіссөздер туралы айтқан. Ол Ресей делегациясын Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі Владимир Мединский басқаратынын айтты.
Қазіргі ақпаратқа сүйенсек, келіссөздердің жаңа раунды аясында ел өкілдері «күрделі аумақтық мәселеге назар аударады», яғни АҚШ-тың Донбасста буферлік «еркін экономикалық аймақ» құру туралы ұсынысын талқылауы мүмкін
Украин президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Құрама Штаттар Украина мен Ресей арасындағы соғыстың жазға дейін аяқталғанын қалайды. Дегенмен бейбіт бітімді көздейтін қанша кездесу өтсе де, жер және қауіпсіздікке кепілдік мәселелері әлі шешілген жоқ.
Зеленский АҚШ-тың қатысуымен өтіп жатқан келіссөздер барысы туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, белгіленген мерзімге дейін соғыс аяқталмаса, президент Дональд Трамп әкімшілігі қос тарапқа да қысым жасауы мүмкін..