Жансырым vs БалШырын: айтыс-баттл бәйгесі қалай өтті

Жарияланды 13 Ақпан 2026 10:26

Торғын Қабен

Торғын Қабен

онлайн айтыс
Фото: видео кадры

Айтыскерлер – Балғынбек Имаш, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов және Сырым Әуезхан Алматыда бетпе-бет кездесіп айтысты. Бұған дейін бір-біріне reels арқылы сәлем жолдап жүрген ақындар айтысты шағын ғана залда өткізсе де, айтысқа шөлдеген қауым онлайн да, офлайн да тамашалап мәз болды. 

12 ақпан күні Алматыда аламан айтыстың шағын нұсқасы өтті десек болады. Көптен айтыс сахнаға шықпаған Айнұр Тұрсынбаева осы себеппен Қазақстанға арнайы келді.

«Бүгін 20:00-де нүктесін қоймасақ болмай кетті. Мен келдім домбырамды арқалап. Қайда ана жүгірмектер?» – деп жазды Тұрсынбаева.

Айтыстағы серігі – Балғынбек Имашпен бірігіп, жас ақындар – Жандарбек пен Сырымға қарсылас болды. Осылайша ЖанСырым мен Балшырын тобы бәсекеге түсті. 

Instagram желісіндегі ақпараттарға сүйенсек, айтысты тікелей эфирде 5000-ға жуық адам тамашалаған. Онлайн-көрермен қатарында әнші Ерке Есмахан да бар:

«Айтыстың аққуы – Айнұр Тұрсынбаева. Балалардың тамағын беріп тастап, айтыс көріп отырмыз» деп салды ол парақшасына.

Айтысты Рамазан Амантай жүргізді. Офлайн айтысты тамашалаған жұрт «керемет айтыстың куәсі болдық. Алтын құрам деп ауыз толтырып айта аламын. Рухани азық алып қайттық» деп пікір айтып жатыр. Баттлда дауыс бойынша да, жастар өзі де жол беріп БалШырын тобы жеңіске жетті. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ақындар арасындағы онлайн-айтыс көпшіліктің көңілінен шыққаны туралы жазған едік.  

Сондай-ақ оқыңыз