Әкімдік дайындықты күшейтті: Астанада су тасқыны қаупі бар ма

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елорда әкімдігі су тасқынына дайындық жұмыстарын қазірден бастап кетті. Жергілікті билік тасқын суды өткізуге арналған кешенді іс-шаралар жоспарын да бекіткен.

Астанадан қанша көлемде қар шығарылды

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандардың, жеке сектордың және тұрғын үй алаптарының аумағынан қар шығару жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол жауапты тұлғаларға бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Қазіргі уақытта Астана қаласынан 4,6 млн текше метрден астам қар шығарылған. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін инертті материалдардың қоры дайындалды. Бұдан бөлек, азаматтық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтер тұрақты дайындық режиміне көшірілді.

Су тасқынына қарсы шаралар

Әкімдік мәліметінше, қазір арық және суағар желілерін тазарту, сондай-ақ тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Коммуналдық қызмет мамандары 38 шақырым арық желісін және 16 шақырым суағар желісін, 3,3 мыңға жуық бақылау және жаңбыр суын қабылдау құдықтарын тазартты. Сонымен қатар 530 метр құбырды булап тазартылып, 884 тонна лай шығарылды.

««Астана су арнасы» желісі бойынша 170 метр қысымды желі тартылып, диаметрі 400-1600 мм болатын магистральдық желілер тазартылуда. Кәріз-тазарту станциясында (КТС) сағатына 5-7 мың текше метр су айдайтын 4 сорғы орнатылған. Индустриялық парк ауданында Ақбұлақ өзені бойының жағалауын бекіту, өзен арнасын кеңейту жұмысы жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Әкімдікте су тасқыны кезеңіне дайындық тәулік бойы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстанның бес өңірінде су тасқыны қаупі төніп тұр. Осыған орай Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев көктемгі су тасқынына дайындық бойынша жиын өткізген болатын. Ол әкімдіктерге тасқынға қарсы шараларды күшейтуді және барлық жұмыстарды 1 наурызға дейін аяқтауды тапсырыды.

Сондай-ақ оқыңыз