Жаңалықтар

Құрсақ нарығы: Қазақстанда суррогат ана қызметі қанша тұрады

Қазақстанда суррогат анаға сұраныс жоғары / Фото: shutterstock

Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы перзентке зәру. Шаңырағын шайқалтпай, сақтап қалғысы келетін көптеген ерлі-зайыптылар ЭКО әдісін қолданса да, балалы болудың жалғыз жолы суррогат ана қызметі болып шығады. Репродуктологтар да жыл сайын суррогат ананың қызметіне жүгінетін отбасылардың саны артып келе жатқанын айтады. Kursiv.Media тілшісі ахуалды зерттеп көрді.

Суррогат ана деген кім

Суррогат ана – өзгенің баласын 9 айы бойы құрсағында көтеріп, босанатын әйел. Бұл көмек көбіне табиғи жолмен бала көтере алмайтын жұптарға, соның ішінде бедеулік проблемалары бар адамдарға медициналық көрсеткіш бойынша ұсынылады. Генетикалық әке – ұрықтандыру үшін өз ұрығын ұсынған және бала туғаннан кейін әкенің міндеттерін қабылдауға келісетін адам. Генетикалық ана – жұмыртқа жасушасын ұрықтандыру үшін берген және бала туғаннан кейін, ананың міндеттерін қабылдауға келісетін адам. Суррогаттық биологиялық әкесі мен анасының жасушалары (немесе донорлық жасушалар) зертханада ұрықтандырылып, дайын эмбрион суррогат ананың жатырына қондырылу жолымен жасалады. Жүктілік кезеңінде суррогат ана дәрігерлердің қатаң бақылауында болады.

Құрсақ анаға қойылар талап қандай

Бұл қызмет ұлттық заңнамада арнайы «суррогат ана болу» ретінде қарастырылып, қатаң талаптар мен шарттармен реттеледі. Қазақстанда суррогат ана қатынасы негізінен «Неке (ерлі‑зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің (56‑59 баптар) талаптары бойынша реттеледі. Бұл заң суррогат ана келісімшарттарын, тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындап береді. Заңға сәйкес, суррогат ана 20-дан 35 жасқа дейінгі әйел болуы керек және кемінде бір баласы болуы шарт.

  • Суррогат ана болатын әйелдің ең алдымен, өзінің денсаулығы жақсы және дені сау баласы болуға тиіс.
  • Физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы жақсы болуы және бұл медициналық ұйымның ресми қорытындысымен расталуы қажет.
  • Егер суррогат ана некеде болса, оның жұбайының жазбаша және нотариалды куәландырылған келісімі болуы міндетті.

Суррогат аналар алдымен агенттік арқылы іріктеуден өтеді. IQ-тест тапсырып, барлық инфекциялық ауруға тексеріледі. Содан кейін емханада ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Барлық көрсеткіші қалыпты болса ғана әйел құрсақ ана ретінде қабылданады.

Қазақстанда суррогаттық қызмет қанша тұрады

Ranking.kz сарапшыларының деректеріне сәйкес, Қазақстанда суррогат ана қызметінің толық құны 9,8 миллионнан басталып, 15,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Гонорар көлемі көптеген факторға байланысты. Мысалы: суррогат ананың тәжірибесі, көпбалалы жүкті болу ықтималдығы, босану түрі және т.б.

Бұл мәселе аясында «Болашақ» суррогат ана орталығының басшысы Дамира Бекбергеновамен сұхбаттасып көрдік. Оның айтуынша, Қазақстан суррогат ана қызметі жағынан ең арзан елдердің қатарында тұр. Бізден арзаны тек Малайзия, Филиппин және Африка елдерінде ғана бар.

Шетелде төлем жоғары, бірақ тәуекел көп…

Спикердің мәліметі сарапшылардың дерегімен сай келмейді. Қазақстанда тәжірибесі жоқ, алғаш рет суррогат атанып жатқан ананың қызметі кемінде 7-8 млн теңге аралығында (тапсырыс беруші мен суррогат ана өзара келіседі). Ал бұрын суррогат ана болған әйелдердің қызмет құны орта есеппен 10 млн теңгеден басталады.

Кейбір шетелдік агенттіктер 9–17 млн теңгеге дейін немесе 15–45 мың АҚШ долларына дейін уәде береді. Алайда мұндай ұсыныстардың артында үлкен қауіп бар.

«Көп жағдайда әйелдерге жоғары сома уәде етіледі. Бірақ шетелге барған соң түрлі себептермен толық төлем жасалмайды немесе мүлде алданып қалады. Кейбір агенттіктер заңдық кепілдік бермейді», – дейді Дамира Бекбергенова.

Оның айтуынша, шетелде келісімшарт талаптары бұзылған жағдайда Қазақстан заңдары жүрмейді. Консулдықтар тек адвокат ұсынумен шектеледі, ал нақты қаржылық немесе құқықтық қорғау тетіктері әлсіз.

Нақты мысал

Дамира Бекбергенова мысал ретінде Грузияда болған жағдайды келтірді. 32-аптасында мерзімінен бұрын босанып, егіз сәби дүниеге әкелген. Уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат төленген. Бұл жағдайға делдалдардың араласуы себеп болған.

«Біздің мемлекет шетелде толыққанды құқықтық қорған бола алмайды. Сондықтан әйелдер кепілсіз ортада қалады», – дейді орталық басшысы.

Делдалдар көп

Кейбір агенттіктер суррогат аналарды шетелдік клиникаларға жібергенімен, әрі қарайғы тағдырына жауап бермейді. Заңды келісімшарт, медициналық сақтандыру және кепілдік болмаған жағдайда, барлық тәуекел әйелдің өз мойнына артылады. Мұндай агенттіктер Қазақстанда да көбейіп кеткен.

Әйелдер неліктен суррогаттыққа барады

Дамира Бекбергенованың айтуынша, қыз-келіншектердің басым бөлігі баспаналы болу үшін осы қадамға барады. Олар үйіне бастапқы жарна жинап алу үшін құрсақ ана атанады.

Сондай-ақ орталыққа микроқаржылық ұйымдардың қарызына белшесінен батқан қыз-келіншектер де көп келеді. Олар ірі көлемдегі несиесін жабу үшін өзге біреуге бала туып беруге мәжбүр болады.

«Біздің орталыққа келген әйелдер балаларымен далада қалған, баспаналары жоқ. Осыған дейін бастапқы жарнаға 5 млн теңге жететін еді, қазір оның өзі аздық етеді. Өйткені көбінің несие тарихы дұрыс емес, сол үшін көбірек қаражат керек болып жатады. Осы себепті суррогат ана қызметіне қайтадан келіп жатады. Суррогат ана Қазақстанда азаюы үшін кешенді әлеуметтік бағдарламалар қажет. Олар мәжбүр болғандықтан келеді. Күнін көру үшін, далада қалмас үшін осы жолды таңдайды. Үкімет ең құрмағанда балаларын балабақшаға орналастыруға көмектессе. Суррогат ана қызметінің құны да елдегі экономикалық жағдаймен тікелей байланысты», деп түсіндірді орталық басшысы.

Суроггат ана болуға көбіне жалғыз басты әйелдер мен жас келіншектер келеді. Дамира Бекбергенованың айтуынша, орталық қызметіне ай сайын орта есеппен кемінде 10 әйел жүгінеді.

Заң өзгерсе жағдай оңала ма

Айта кетейік, Қазақстанда суррогат аналардың шетел азаматтарына бала туып беруіне тыйым салынбақ. Тиісті өзгерістерді «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске енгізу жоспарланып отыр.  Алайда Дамира Бекбергенова мұнымен мәселе шешілмейтінін айтады.

«Барлық шетелдіктерге бірдей тыйым салу дұрыс емес. Егер олардың бірі Қазақстан азаматы болса немесе қандас мәртебесіне ие болса, мұндай отбасыларға мүмкіндік берілуі керек», – дейді ол.

Сонымен қатар бірыңғай тізілім (реестр) құру мәселесі де алаңдаушылық туғызатынын айтты. Оның сөзінше, кейбір әйелдер жеке деректерінің ашық базаға енгізілуінен қауіптеніп, ел ішінде емес, шетелде бағдарламаға қатысуы мүмкін. Бірыңғай тізілім құрылса, Қазақстанда қыз-келіншектер суррогат ана болудан бас тартады. Тіпті, қызмет құны да күрт өсіп кетуі мүмкін деп санайды сала маманы. Олар әдеттегідей шетелдік агенттікерге жүгініп, жат елдің азаматтарына ғана суррогат ана атанады. Бұл өз кезегінде денсаулық пен құқықтық қауіпсіздікке қатер төндіреді.