Таиланд қазақстандық туристер үшін визасыз болу мерзімін қысқартпақ

Таиланд 93 елдің, оның ішінде Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим мерзімін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Bangkok Post хабарлады.
Визасыз болу мерзімі 60 күннен 30 күнге дейін қысқартылады. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл өзгеріс визасыз режимнің икемді талаптарын пайдаланып отырған көлеңкелі бизнестің үлесін азайту мақсатында енгізілмек.
Таиланд билігі жаңа талаптар туристік салаға кері әсерін тигізбейді деп сендірді.
«Шетелдік туристер Таиландта орта есеппен 21 күннен артық болмайды. Егер олар 30 күннен ұзақ уақыт қалғысы келсе, мерзімді ұзарту үшін өтініш бере алады, бұл қиындық тудырмайды », – деп түсіндірді Туризм министрлігінде.
Қазақстан азаматтары үшін Таиландқа 60 күнге дейін визасыз кіру тәртібі тұрақты негізде қолданылып келген. Ол үшін жарамдылық мерзімі кемінде алты ай болатын шетелдік паспорт қажет. Сонымен қатар, елге келерден 72 сағат бұрын Thailand Digital Arrival Card (TDAC) нысанын толтыру міндетті. Қысқа мерзімді туристік сапарлар үшін виза талап етілмейді.