
Бүгін қазақ спорты үшін айтулы күн. 21 жастағы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды. 32 жылдан кейін ғана Қазақстан Қысқы Олимпиада ойындарынан алғашқы алтынын алып отыр. Түн ішінде елге сүйінші хабар жеткізіп, Әнұранымызды ойнатқан Михаил Шайдоров кім? Жеңіс жолы қандай болды?
«Денис Теннің қолын алдым»
Михаил мәнерлеп сырғанауға алты жасынан келген. Спортқа баулыған әкесі – Станислав Шайдоров. Ол өзі де мәнерлеп сырғанаудан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы болған. 2010 жылы әкесі екеуі «Рамстор» сауда орталығындағы мұз айдынына барып, алғашқы қадамын жасайды. Ол кезде «Халық Арена», «Алматы Арена» тәрізді ірі спорт нысандары салынбаған. Аңызға айналған Денис Теннің өзі де сол сауда орталығындағы шағын мұз айдынынан жаттығып бастаған еді.
Кейін 2010 жылы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы ашылғанда, Михаил жаттығуларын сол жерге ауыстырады. Одан әрі Универсиада қарсаңында «Халық Арена» да пайдалануға берілді. Дәл сол сарайда болашақ жұлдыз Денис Тенмен кездескен.
«2017 жылы «Халық Аренаны» енді ғана салған кез. Сол кезде Денис Тен бір хореографпен жұмыс істеуге келді. Есімде ол вестибюльге кіргенде көріп қалдым. Жанына барып, қолын алды. Сол сәт мен үшін ерекше оқиға болды», – деп еске алады Шайдоров.
Халықаралық аренаға қадам
2018 жылы Михаил Шайдоров Сочиге көшті. Сол жерде Олимпиада чемпионы Алексей Урмановпен бірге жаттыға бастайды.
Шайдоровтың спорттық жолы аймақтық және ұлттық чемпионаттарға қатысудан басталды.
2018 жылы ол халықаралық аренада өзін таныта білді. Сәуір айында Egna Spring Trophy турнирінде төртінші орын иеленді. Ал қарашада Ыстанбұлда өткен Bosphorus Cup жарысында күміс медаль жеңіп алды.
Сол жылдың желтоқсан айында мәнерлеп сырғанаушы Сочиде өткен Краснодар өлкесі Кубогының финалында бағдарламасын өте жоғары деңгейде орындады. Алайда алтын жүлдеге сәл ғана жетпей, екінші орынмен шектелді.
2022 жылдан бастап ірі жеңістері де басталды. Ол юниорлар арасында чемпионатқа қатысады. Алғашқы қадамы сәтті болып, турнирде екінші орын иеленеді. Тек америкалық Илья Малининге ғана жол берді. Мансабындағы негізгі қарсыластың бірі де осы Малинин десе де болады. Үш жылдан кейін Илья мен Михаил Бостондағы турнирде тағы кездесті. Михаил тағы да екінші болып, күміс жүлде иеленді. Негізі 2025 жылы спортшы үшін сәтті уақыттың бірі болды. Сол жылы Қытайда өткен Азиада ойындарына қатысып қола алды.
Биыл Қысқы Олимпиада ойындарындағы медальға таласатын басты үміткерлердің бірі Шайдоров еді. Михаилдың сөзінше, өзі алтын алатынына сенбеген. «Тек өз жұмысымды мінсіз орындап шығуды ғана ойлаған едім», – дейді ол Олимпиададағы өнері жайлы. Бұл жарыста бұрынғы қарсыласы Илья Малинин фавориттердің бірі еді. Бірақ күтпеген жерден ол секіру элементтерінде қателік жіберіп, сегізінші орынға дейін түсті. Ал Михаил Шайдоров Қазақстанға ұзақ күткен Олимпиада алтынын әкелді.
Айта кетейік, спортшыны тағы бір чемпион, ҰОК басшысы Геннадий Головкин құттықтады. Ол чемпион болу үлкен жауапкершілік, бірақ бастысы адам болып қалуды ұмытпа деген кеңесін айтты жас жұлдызға.