Нұрлан Сабуровқа Украинада қылмыстық іс қозғалды

Қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Украинада қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы заңгер Евгений Прониннің Telegram-арнасында хабарланды.
«Украинаның қауіпсіздік қызметі менің өтінішім негізінде Қазақстан Республикасының азаматы Нұрлан Сабуровтың ықтимал қылмыстық құқық бұзушылық жасауы бойынша мәліметтерді бірыңғай тергеу тізіліміне енгізіп, сотқа дейінгі тергеуді бастады», – деді украиналық заңгер Пронин.
Оның сөзінше, Сабуров Ресей әскеріне материалдық көмек берген болуы мүмкін деген жайт ресми тергеу аясында тексеріледі.
Бұған дейін Ресей билігі әзілкеш Нұрлан Сабуровтың Ресей аумағына 50 жылға дейін кіруіне тыйым салды.
Содан кейін әзілкештің Ресей әскеріне материалдық көмек көрсеткені туралы ақпарат тарады. Ресейлік басылымдардың дерегінше, ол «Барлығы жеңіс үшін» қорына қаржылай көмек берген. Кейін әлеуметтік желілерде әртістің «Вагнердің Истра легионы» атты бөлімшеге он мотоцикл сыйлаған видеосы тарады. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің сөзінше, бұл іспен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысып жатыр.