Жаңалықтар

Шайдоров Олимпиададағы жеңісі үшін қанша сыйақы алады

Shaidorov, Dimash
Сыйақы мөлшерін спорт министрлігі бекіткен/фото: ҰОК, Сали Сабиров

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа Олимпиада ойындарындағы жеңісі үшін сыйақы беріледі.

Оның мөлшерін спорт министрлігі бекіткен. Соған сәйкес, Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшыларға 250 мың доллар сыйақы қарастырылған.

Қазіргі бағам бойынша Шайдоров алатын сыйақы шамамен 123,7 миллион теңгені құрайды.

Forbes дерегіне сәйкес, Қазақстан ең жоғары сыйақы тағайындайтын мемлекеттердің қатарына кіреді.

Мәселен Италияда алтын медаль үшін шамамен 213 000 доллар көлемінде төлем қарастырылған, Кипрде – 177 000 доллар, Болгарияда – 151 000 доллар, Литвада – 133 000 доллар, Косовода – 130 000 доллар және Эстонияда 118 000 доллар төленеді.

Алтын медаль үшін берілетін сыйақы мөлшері/Forbes

Шайдоровтың жеңісі

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарының чемпионы атанды.

Содан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Қазақстандық өнерпаз Димаш Құдайберген чемпионға көлік сыйлайтынын айтты. Ал inDriver компаниясы негізін қалаушы Арсен Томский Михаилдың әкесіне Audi Q8 автокөлігін сыйлады.

Ulytau Group компаниясы Шайдоровқа Астанадан үш бөлмелі пәтер сыйға беретін болды.