Әуе билетіндегі қате 2 әріп үшін енді айыппұл салынбайды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock, бильд-редактор Дастан Шанай

Әуе билетін рәсімдеу кезінде аты-жөніндегі қате үшін айыппұл төлеу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді жолаушылардың дербес деректерін түзету тегін болады. Бұл жөнінде Бас прокуратура мәлімдеді.

Мыңдаған жолаушы айыппұл төлеген

Прокуратура мәліметінше, азаматтардың шағымдарын талдау барысында билетте тегінде, есімінде немесе әкесінің атында кеткен елеусіз қателер үшін айыппұл салу фактілері анықталған.

2025 жылы «Qazaq Air» АҚ (қазіргі атауы – Vietjet Qazaqstan) 3 815 жолаушының деректерін түзеткен. Олардың басым бөлігінде қате екі әріпке дейін болған.

Екі әріпке дейінгі қате тегін түзетіледі

Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасы әуе компаниясының басшылығымен кездесу өткізген.

«Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылдың басынан бастап аты-жөніндегі екі әріпке дейінгі қателерді тегін түзетудің жаңа тәртібі енгізілді», – делінген хабарламада.

Прокуратура бұл өзгеріс жолаушылардың құқықтарын қорғауға және әуе қызметінің сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Әуе жолаушыларының құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар жалғасын таппақ.

Сондай-ақ оқыңыз