
Үкімет басшысы депутаттардың сауалына берген жауабында әлемдік әлеуметтік желілермен зиянды контенттерді өшіру бағытында кездесулер өткізілгенін хабарлады.
Бектеновтің жауабына сәйкес, Масс-медиа туралы заңнамаға сәйкес әлеуметтік желілердің (онлайн-платформалардың) қызметіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Әлеуметтік желілердің әкімшіліктерімен бірлесіп тыйым салынған ақпаратты жою жұмыстары жүргізіледі.
«Өзара байланысты арттыру мақсатында Meta және TikTok компанияларының өкілдерімен тұрақты түрде жұмыс кездесулері мен келіссөздер өткізілуде. Келіссөздер аясында TikTok онлайн-платформасымен өзара іс-қимылдың нақты әрі тиімді тетігі қалыптастырылды, бұл заңға қайшы материалдарды жою көрсеткішін 91%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді», – делінген жауапта.
Былтыр қазанда Астана қаласында Мәдениет және ақпарат, ішкі істер министрліктерінің бірлесіп ұйымдастыруымен Meta Platforms компаниясы өкілдерінің қатысуымен оқып үйрену семинары өткізілген.
Іс-шара барысында Meta Platforms компаниясының өкілдері контентті модерациялау, цифрлық қауіпсіздік және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл саласындағы компанияның корпоративтік саясатына талдау жасаған. Негізгі назар платформалар жұмысының ашықтығына, қауымдастық стандарттарына, дезинформациямен күресуге және мемлекеттік құрылымдар мен цифрлық экожүйелер арасындағы сенімді арттыру мәселелеріне аударылған.
«2025 жылы «YouTube» компаниясының өкілдерімен бірқатар бірлескен семинарлар өткізілді. Онда тыйым салынған қайшы материалдарды жою бойынша жаңа тәсілдер талқыланды. Жоғарыда атап өтілгендей, интернет кеңістікте, оның ішінде әлеуметтік желілерін тұрақты негізде талдап отыру жұмысы белсенді жалғасады», – делінген жауапта.
Қоғамдағы қаржылық пирамида, жезөкшелік, онлайн-казино, интернеттегі алаяқтық және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс – қимыл бағытында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі іске қосылған. Аталған жүйеге мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан заңдарында тыйым салынған немесе таратуға шектеу қойылған құқықбұзушылық сипатындағы фактілерді енгізіп, жаңартып отырады.
Айта кетейік, 2025 жылдың шілде-қыркүйек айларында TikTok Қазақстан аумағында шыққан 1,5 млн видеоны өшірген.