
Қазақстанда несие тарихы жоқ азаматтар енді 100 АЕК-тен асатын сомада онлайн микрокредит ала алмайды. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4325 теңге деп бекітілгенін ескерсек, 100 АЕК 432 500 теңгені құрайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дайындаған жаңа қаулы жобасына сәйкес, мұндай жағдайда клиент міндетті түрде бөлімшеге баруы немесе қатаң биометриялық тексерістен өтуі тиіс.
Бұл шара халықтың шамадан тыс қарызға батуын тежеу және алаяқтық әрекеттердің жолын кесуге бағытталған.
Несие алмас бұрын оқылатын басты құжат
Бұдан былай микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) клиентпен шарт жасаспай тұрып, оған негізгі ақпараттық құжатты ұсынуға міндеттеледі.
Бұл құжатта несиенің пайызы, комиссиялары, айыппұл көлемі және барлық қауіп-қатерлер тайға таңба басқандай анық жазылуы керек.
Осы арқылы реттеуші шағын қаржы ұұйымдарын клиентке қарыз борышкердің қалтасына қаншалықты сай екенін ашық түсіндіруге мәжбүрлеп отыр.
Жасырын қызметке тыйым салады
Жаңа ережелер аясында МҚҰ-ға ақылы сервистерді (мысалы, сақтандыру) жасырын түрде таңуға қатаң тыйым салынады. Енді мобильді қосымшаларда клиенттің келісімінсіз алдын ала қойылған «құсбелгілер» заңсыз деп танылады.
Ұйым әрбір қосымша қызметтің құны мен оның несиені қаншалықты қымбаттататынын алдын ала есептеп көрсетуі тиіс.
Тіпті серіктестер арқылы көрсетілген қызметтер үшін де жауапкершілік тікелей МҚҰ-ның өзіне жүктеледі.
Алаяқтардан қалай қорғану керек
Несие бермес бұрын МҚҰ клиенттің деректерін барлық ашық жүйелер арқылы, соның ішінде азаматтың несие алуға өз еркімен қойған тыйымы бар-жоғын мұқият тексереді.
Егер күдікті жағдайлар анықталса, ұйым қызметкерлері клиентке міндетті түрде бақылау қоңырауын соғып, жеке деректердің қауіпсіздігін растауы қажет.
Берешегін уақытылы төлей алмаған борышкерлер үшін де бірыңғай рәсімдер енгізілмек. Қарыз алушы шартты өзгерту туралы өтініш бергенде, МҚҰ кемінде 3 айға комиссиясыз жеңілдік нұсқасын ұсынуға міндетті.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін МҚҰ-лардың өздеріне жақын жеке сот орындаушыларымен жұмыс істеуіне шектеу қойылады.
Бұған дейін 21-ге толмаған 19 мың жас шағын кредитін 3 ай бойы төлей алмай жүргені хабарланған.
Соңғы жылдары Қазақстанда шағын несие беру талатары қатаңдаған. 2024 жылғы маусымда арнайы заң қабылданған болатын.
Соған сәйкеас, 90 күннен артық мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаларға МҚҰ-ның микрокредит беруіне, сондай-ақ бұрын алынған микрокредиттер бойынша мерзімі 90 күннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынған.