
Елде апатты және үшауысымды мектептердің мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 2026 жылы 47 мыңға жуық оқушы орнына арналған жаңа 90 мектеп салу жоспарланған. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, жаңа нысандар Арнайы мемлекеттік қор қаражаты, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен жүзеге асырылады.
Қай өңірлерде салынады
Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында салынып жатыр.
«Бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1300 мектепті, оның ішінде ауылдық жерлердегі 900 мектепті реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 209 мектепте жұмыстар аяқталды, ал 2026 жылы тағы 98 мектепте реновация жұмыстары жалғасуда», – делінген хабарламада.
STEM кабинеттер көбейеді
Қосымша химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылуда. Соңғы үш жылда 4320 пәндік кабинет жаңартылған.
Реновация аясында мектептерге күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи кабинеттер орнатылады, жиһаздар жаңартылады, кітапхана мен асхана жөнделеді, спорт залдары салынады немесе қайта жаңғыртылады. Сонымен бірге қауіпсіздік жүйелері күшейтіледі.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 236 мың оқушы орнына арналған 162 мектеп пайдалануға берілген. Жалпы соңғы үш жылда 746 мың орындық 584 мектеп салынған.