Астанада коммуналдық төлем өсті ме? Вице-министр жауап берді

Орталық коммуникациялар алаңында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов көп азаматтың шағымына қарамастан, елде коммуналдық тарифтер өскен жоқ деп мәлімдеді.
Бір емес, бірнеше журналист Сұңғат Есімхановтан не себепті Астанада коммуналдық шығындар қымбаттағанын сұрады. Есімханов әу баста Астанада қаңтарда күн суытып кеткенін, соның салдарынан шығын өскенін айтты. Алайда бұл жауап тілшілерді қанағаттандырған жоқ.
Айта кетейік, жақында астаналықтар тарифтер өсіп кеткенін әлеуметтік желіде жарыса жазған еді. Олар коммуналдық шығындар бір айда 10-20 мың теңгеге қымбаттап кеткенін айтқан. Сұңғат Есімханов бұл мәселемен Ұлттық экономика министрлігі айналысатынын атап өтті.
«Тариф өскен жоқ. Әріптестермен ол 1 гегакалорияға бекітіледі. Сондықтан оның әр себептері бар. Кейбір үйлерде есеп құралдарын бермесе, қарамаса орташа есептеумен беріп жіберуі мүмкін. Сондықтан әр болған жағдайды әріптестерге ақпарат берілсе, олар тексереді. Біздің де аумақтық департаменттер оған қатысады. Әріптестер жауап беріп жатыр. Тарифтің өспегені – нақты көрсеткіш. Сіз де, біз де тұтынушымыз. Осы жайттарды естіген соң өзім төлемеген соң үйден сұрап едік – тариф өскен жоқ… Әйтсе де әріптестерге бұл сұрақты айтайын», – деді Есімханов.
Вице-министр тарифтер «50 мың теңгеге дейін жылу тарифі қымбаттап кетті» деген сөздерге сенбейтінін білдірді. Ақпан және наурыз айында тариф міндетті түрде күннің жылынуына байланысты арзандайтынын айтты.