
Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы биыл 19 ақпан күні басталады. Ораза тұтатын адамдар үшін сәресі мен ауызашарда дұға оқу маңызды құлшылық амалдарының бірі. Сәресі – таң атпай тұрып ас ішіп, оразаға ниет ету уақыты болса, ауызашар – күн батқаннан кейін оразаны ашу сәті. Kursiv Media Muftyat.kz деректеріне сүйене отырып, сәресі мен ауызашар дұғаларын назарға ұсынады.
Ауызашарда оқылатын дұға
Оқылуы:
«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту. Зәхәбә зома уәбтәллатил-‘уруқ уә сәбәтал-әжру ин шәә Алла».
Мағынасы:
«Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Шөл кетті, тамырлар суланды, иншалла, сауабы да жазылды».
Ескерту: дұғаны араб тілінде оқу міндетті емес, ниет етіп қазақ тілінде де оқи беруге болады.
Сәресіде айтылатын дұға
Оқылуы:
«Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».
Мағынасы:
«Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».
Ескерту: дұғаны араб тілінде оқу міндетті емес, ниет етіп қазақ тілінде де оқи беруге болады.
Сәресінің берекеті туралы
ҚМДБ мәліметінше, сәресі ішу мұстахаб әрі берекелі амал. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сәресінің берекесі жайында айтып, мұсылмандарды сәресі ішуге шақырған.
Сахаба Әнас ибн Мәлик (р.а.) жеткізген хадисте:
«Сәресі ішіңдер, өйткені сәресіде береке бар», – делінеді.
Сәресінің негізгі хикметтері
Сәресі ішу:
- құлшылыққа күш-қуат береді;
- күні бойы сергек жүруге көмектеседі;
- аштықтан туындайтын ашушаңдықтың алдын алады;
- дұға жасап, сауап істерге ниет етуге мүмкіндік береді;
- басқа дін өкілдерінің ораза ұстау әдебінен ерекшелендіреді.
Бұл жайында сахаба Амр ибн Ас (р.а.) Пайғамбарымыздың: «Біздің оразамыз бен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы – сәресі ішуімізде», – деген хадисін жеткізген.
Алайда, сәрсені ұйықтап қалып, тұра алмай қалған жағдайда, ертеңгісін ниет етіп ауыз бекітуге болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның барлық қалаларына арналған ауызашар мен ауыз бекіту уақыттарын жариялаған едік.