Президент UAE SWAT Challenge-2026 жеңімпаздарымен кездесті – фото

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын құттықтады.
Ақорданың хабарлауынша, елге жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы президентінің Алғыс хатын алды.
«Намысты қолдан бермей, байрақты бәсекеде топ жардыңыздар! Соның арқасында көк туымыз желбіреді. Еліміздің мерейі үстем болды. Халқымыз сіздерді мақтан тұтады. Барлық команда бес күн бойы өте күрделі мақсаттарға қол жеткізу үшін көптеген тосқауылды еңсеруі қажет болды. Біздің жауынгерлер барын салды, әскери міндеттерді мінсіз орындап, ақыры ең жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті», – деді Тоқаев.
Президент «Томирис» қыздар құрамасына да тоқталды.
«Сұлу қыздарымыз өте жоғары деңгейде өнер көрсетті, шеберлікпен алға шығып, әйелдер арасында топ жарды. Қазақстанның намысын қорғаған бес құраманың бәрі де үздік 20 команданың тізіміне кірді. Бұл нағыз жасампаз отаншылдық деп күмәнсіз айтуға болады. Төрткүл дүние ұл-қыздарымыздың мықтылығына куә болды», – деді президент.
Айта кетейік, UAE SWAT Challenge-2026 жарысына әлемнің 48 елінен 100-ден астам команда қатысты. Ішінде «Қазақстан С» командасы абсолютті чемпион атанды. Ал «Қазақстан А» командасы екінші орынға ие болды.