Жаңалықтар

Салықшылар табысын жасырған блогерлерден 500 млн теңге өндіріп алды

фото: коллаж Kursiv Media

Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) желідегі танымал 850 блогерден 500 млн теңге өндіріп алды. Олар жарнамадан түскен, бартер мен сыйлық ретінде келген табыстарын декларацияламай, салықтан жалтырған. Бұл туралы МКК департаменті директорының міндетін атқарушы Ерқанат Шынберген айтты.

Салықшылар 2022-2023 жылдар аралығында камералық бақылау жүргізген. Бақылау 80 мың адамды қамтыған. Олардың ішінде интернеттегі тұлғаларға ерекше мән берілген.

Жасырын кірісті қалай анықтайды?

МКК банктерден және басқа да мемлекеттік органдардан келген салықтық деректерді салыстырады. Егер цифрлардан айырмашылық байқалса, онда сол азаматқа ескерту жіберіледі.

Салық төлеушіге екі нұсқа ұсынылады:

  • Қателік жасағанын мойындап, қосымша салық төлеп, декларацияға өзгеріс енгізуі керек.
  • Егер комитеттің пікірімен келіспесе, 30 күн ішінде дәлел тауып, ұсынуы қажет.

Мүлде жауап бермесе, онда салықтық тексеру жүргізіледі.

«Оның қорытындысы бойынша, салық өндіруге, жеке шотынан қаржыны есептен шығаруға мүмкіндігіміз бар. Мәжбүрлі түрде өндіре аламыз», – деп ескертеді МКК өкілі.

Бартер да табыс деп есептеледі

Ескерте кету керек, тек ақшалай кіріске ғана салық салынбайды.

«Кез келген сыйлық, мүлік кіріске жатады. Тиісінше, олардан салық төлеу керек. Қазір біз жарнама орналастыру фактілеріне мән береміз. Табыс табу мақсатында әлеуметтік желілерге орналастырған жазбаларды кәсіпкерлік әрекет ретінде қарастырамыз», – деп түсіндіреді Шынберген.

Осы айдың басында Мемлекеттік кірістер комитеті 800-ден аса блогер 18 млрд теңгеге табысын декларациялағанын хабарлаған еді. Салықшылар дерегінше, 2022–2023 жылдар аралығында олар табысын 71,9 млрд теңгеге төмендетіп көрсеткен.