Шайтан базарды фильм түсіреміз деп кімдер тонап жүр (фото)

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шайтан базарды кейде бит базар деп те атайды /фото: Шадияр Өстемір
Шайтан базарды кейде бит базар деп те атайды /фото: Шадияр Өстемір

Шайтан базардың сатушылары біреулердің кино түсіреміз деп келіп, кеңес дәуірінің жәдігерлерін ұрлап кеткендерін айтып шағымданды.

Сондықтан олар кино үшін тауар алуға келгендерге аса сақтықпен қарайды. Оның үстіне арзанға сатылып жатқан дүниелердің өзін қара бақырға сатып алғысы келеді екен.  

«Әнші мен әртістер керек емес. Олар тым арзанға сұрайды. Кино түсірушілер келгенмен, бағаны жерге ұруға тырысады», – дейді шыр-пыр болып Аспандияр деген сатушы.

Ленин мен Сталиннің портретін осы жерден табуға болады / фото: Шадияр Өстемір
Ленин мен Сталиннің портретін осы жерден табуға болады / фото: Шадияр Өстемір

Қосымша табыс

Kursiv.Media тілшісі осы ерекше базардың тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл сауда орнын алматылықтар «шайтан базар» немесе «бит базар» деп те атайды. Қазіргі Халық Аренаның орнында «катализатор» деп аталып кеткен сауда орны болды. Ол жерде сенбі-жексенбі күндері ескі-құсқы заттар сатылатын шайтан базар жұмыс істейтін еді.

Қонаевтың портреті де бар / фото: Шадияр Өстемір
Қонаевтың портреті де бар / фото: Шадияр Өстемір

2015 жылы «Жетісу» базары ашылып, бұл базар осы жерге көшіп келді. Дәстүр бойынша, ескі-құсқы заттар сенбі-жексенбі күндері ғана сатылады. Сатушылардың дені – зейнеткерлер. Өздерінің үйінде тұрған заттарын әкеліп сатып, нәпақа табады. Арасында жұмыссыз адамдар да бар.

Социалистік реализм туындылары / фото: Шадияр Өстемір
Социалистік реализм туындылары / фото: Шадияр Өстемір

Еркін шайтан базарда он жылдан бері істейді. Осы базарда тұрып, қосымша табыс тауып жүр.

«Тәуба. Болады. Көп адамдар келіп, үйіндегі ескі заттарын өткізіп кетеді. Кеңес дәуіріндегі заттар су тегін сатылып жатыр. Сенбі, жексенбі күндері жеті-сегіз мың теңге тауып кетемін. Қыстыгүні аязда базарға кім келеді? Жазда да адам көп келе бермейді. Көктем мен күзде көбірек келеді. Бұл базарда сауда жасап, байып кетпейтінің анық. Тек нан мен шайың болады», – дейді ол.

Кеңес дәуіріндегі теледидарлар / фото: Шадияр Өстемір
Кеңес дәуіріндегі теледидарлар / фото: Шадияр Өстемір

Туристік орталыққа айнала ма?

Еркін шайтан базардың антиквариат сатылатын туристік сауда орнына айналғанын қалайды.  Айтуынша, соңғы кездері шетелдіктер бұл жерге жиі бас сұғатын болған.

«Шетелдіктер жақсы алады. Төсбелгілерді, дүрбілерді, жалпы, ұнатқанын алып жатады. Шетелдік туристер ескі заттарға қатты қызығады. Көне заттар сататын базарлар әлемнің көп қалаларында бар. Франция, Германия секілді елдерде де дамыған. Ағылшындар «көне жәдігерлер сатылатын сауда орындары әрбір қаламызда бар» деп айтады. Жергілікті билік органдары көмек қолын созып, сауда орындарын тартымды етіп жасап қояды екен», – дейді сатушы.

Күміс ер / фото: Шадияр Өстемір
Күміс ер-тоқым/ фото: Шадияр Өстемір

Айтуынша, мұндай бит базарлар Еуропада туристік орталыққа айналған. Қазақстанға келетін туристерді Сталин мен Лениннің портреттері, кеңес дәуіріндегі заттар, социалистік реализм туындылары қатты қызықтырады.

Дүрбілер / фото: Шадияр Өстемір
Дүрбілер / фото: Шадияр Өстемір

Қолы қысқалар қайдан киінеді?

Расында, бұл жерде тек көне жәдігерлер ғана емес, ескі тұрмыстық заттарды, киім-кешектерді де табуға болады.

Жәдігерлер / фото: Шадияр Өстемір
Жәдігерлер / фото: Шадияр Өстемір

 «Пайдасы болған соң, тұрамыз. Сауданың жүруі тауарыңызға байланысты. Өтімді болса, пайда табуға болады. Негізінен, темір-терсек сатамын. Қазір қыстың кезі. Тат басады деп шығармаймыз. Сондықтан қазір ескі киімдерді сатып жатырмыз», – дейді сатушы Айгүл.  

Кеңестік төсбелгілер / фото: Шадияр Өстемір
Кеңестік төсбелгілер / фото: Шадияр Өстемір

Оның айтуынша, қолы қысқа немесе уақытша қиындыққа тап болған адамдар осы базардан киінеді. Өйткені баға қолжетімді.

«Қазір бәрі қымбат. Сондықтан ескі киімдерді сатып алады. Базар тек сенбі-жексенбі күндері істейді. Тұрақты істегенін қалаймыз. Бірақ сатушылар да, сатып алушылар да осыған үйреніп қалған. Жұмыс күндері басқа жұмыс істейміз. Сенбі, жексенбі қосымша табыс табуға шығамыз», – дейді Айгүл.

Сондай-ақ оқыңыз