
Шайтан базардың сатушылары біреулер кино түсіреміз деп келіп, кеңес дәуірінің жәдігерлерін ұрлап кеткенін айтып шағымданды.
Сондықтан олар кино үшін тауар алуға келгендерге аса сақтықпен қарайды. Оның үстіне арзанға сатылып жатқан дүниелердің өзін қара бақырға сатып алғысы келеді екен.
«Әнші мен әртістер керек емес. Олар тым арзанға сұрайды. Кино түсірушілер келгенмен, бағаны жерге ұруға тырысады», – дейді шыр-пыр болып Аспандияр деген сатушы.

Қосымша табыс
Kursiv.Media тілшісі осы ерекше базардың тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл сауда орнын алматылықтар «шайтан базар» немесе «бит базар» деп те атайды. Қазіргі Халық Аренаның орнында «катализатор» деп аталып кеткен сауда орны болды. Ол жерде сенбі-жексенбі күндері ескі-құсқы заттар сатылатын шайтан базар жұмыс істейтін еді.

2015 жылы «Жетісу» базары ашылып, бұл базар осы жерге көшіп келді. Дәстүр бойынша, ескі-құсқы заттар сенбі-жексенбі күндері ғана сатылады. Сатушылардың дені – зейнеткерлер. Өздерінің үйінде тұрған заттарын әкеліп сатып, нәпақа табады. Арасында жұмыссыз адамдар да бар.

Еркін шайтан базарда он жылдан бері істейді. Осы базарда тұрып, қосымша табыс тауып жүр.
«Тәуба. Болады. Көп адамдар келіп, үйіндегі ескі заттарын өткізіп кетеді. Кеңес дәуіріндегі заттар су тегін сатылып жатыр. Сенбі, жексенбі күндері жеті-сегіз мың теңге тауып кетемін. Қыстыгүні аязда базарға кім келеді? Жазда да адам көп келе бермейді. Көктем мен күзде көбірек келеді. Бұл базарда сауда жасап, байып кетпейтінің анық. Тек нан мен шайың болады», – дейді ол.

Туристік орталыққа айнала ма
Еркін шайтан базардың антиквариат сатылатын туристік сауда орнына айналғанын қалайды. Айтуынша, соңғы кездері шетелдіктер бұл жерге жиі бас сұғатын болған.
«Шетелдіктер жақсы алады. Төсбелгілерді, дүрбілерді, жалпы, ұнатқанын алып жатады. Шетелдік туристер ескі заттарға қатты қызығады. Көне заттар сататын базарлар әлемнің көп қалаларында бар. Франция, Германия секілді елдерде де дамыған. Ағылшындар «көне жәдігерлер сатылатын сауда орындары әрбір қаламызда бар» деп айтады. Жергілікті билік органдары көмек қолын созып, сауда орындарын тартымды етіп жасап қояды екен», – дейді сатушы.

Айтуынша, мұндай бит базарлар Еуропада туристік орталыққа айналған. Қазақстанға келетін туристерді Сталин мен Лениннің портреттері, кеңес дәуіріндегі заттар, социалистік реализм туындылары қатты қызықтырады.

Қолы қысқалар қайдан киінеді
Расында, бұл жерде көне жәдігерлер ғана емес, ескі тұрмыстық заттарды, киім-кешектерді де табуға болады.

«Пайдасы болған соң, тұрамыз. Сауданың жүруі тауарыңызға байланысты. Өтімді болса, пайда табуға болады. Негізінен, темір-терсек сатамын. Қазір қыстың кезі. Тат басады деп шығармаймыз. Сондықтан қазір ескі киімдерді сатып жатырмыз», – дейді сатушы Айгүл.

Оның айтуынша, қолы қысқа немесе уақытша қиындыққа тап болған адамдар осы базардан киінеді. Өйткені баға қолжетімді.
«Қазір бәрі қымбат. Сондықтан ескі киімдерді сатып алады. Базар тек сенбі-жексенбі күндері істейді. Тұрақты істегенін қалаймыз. Бірақ сатушылар да, сатып алушылар да осыған үйреніп қалған. Жұмыс күндері басқа жұмыс істейміз. Сенбі, жексенбі қосымша табыс табуға шығамыз», – дейді Айгүл.