Шымкентте Бадам өзені дамбасы бүлінгені хабарланды

Жарияланды
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы

Шымкенттегі Бадам өзенінің жағалауына құйылған бетон дамба бүлінген. Бұл туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мәлім етті.

Ресми мәліметке қарағанда, көктемде су деңгейі жиі көтерілетіні ескеріліп, тасқын қаупі бар Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ ауылдары маңындағы өзеннің 5,3 шақырым жағалауы бетонмен бекітілген. Жұмыс 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталған. Оған 2,7 млрд теңге бөлінген. Әйткенмен, арадан екі ай өткенде бетоннан жасалған бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінген.

– Жобаға сәйкес барлық жұмыс аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта бетондалған аумақтың 9-шы және 10-шы пикет аралығында 40 метрге жететін бетон қабаты бүлінген. Себебі өзен арнасына белгісіз азаматтардың заңсыз кіріп, тас алған, – дейді қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілхайыр Оңғар.

Сөйтіп тас қазып алғандар гидротехникалық құрылысқа зиян келтірген. Әбілхайыр Оңғардың айтуынша, қазір мердігер компания бүлінген жерді қалпына келтіруді бастаған. Қазір өзен жағасына жақын тұратын адамдардың өміріне ешқандай қауіп жоқ.

Бұған дейін, Түркістан облысында қалың жауған жауын жұртты әбігерге салып жатқанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз