Шымкентте жеңіл көлікті қасақана қаққан автобус жүргізушісі жұмыстан шығарылды

Шымкентте Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі «Спорт» аялдамасында жеңіл көлікті қасақана қаққан №17 бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі жұмыстан шығарылды. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде автобус жүргізушісі мен жеңіл көліктің жүргізушісі аялдамада ерегісіп, автобустың көлікті қасақана қаққан видеосы тараған еді. Мұны көрген желі қолданушылар түрлі пікір қалдырған. Бірі «аялдамаға көлік қоюға болмайтынын» жазып, автобус жүргізушісінің әрекетін мақұлдаған. Енді бірі оны сөгіп, даттаған.
Дегенмен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргенін жазды.
«Тексеру қорытындысымен №17 маршрут автобусының жүргізушісі тарапынан жол қозғалысы қағидалары талаптарының бұзылғаны анықталды. Тәртіптік іс жүргізу нәтижесі бойынша жүргізушімен еңбек шарты бұзылып, еңбек қатынастары тоқтатылды» делінген басқарма хабарламасында.
Сонымен бірге полиция оқиғаға қатысты Әкімшілік кодекстің «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» бабымен іс қозғаған.