Lifestyle

Тарауық намазы қашан және қалай оқылады

фото: muftyat.kz

Рамазан айының маңызды құлшылықтарының бірі тарауық намазы. Соңғы жылдары оның рәкат санына қатысты түрлі пікір айтылып жүргенімен, ҚМДБ мәліметінше, тарауық намазы жамағатпен жиырма рәкат оқылады.

Тарауық намазы – Рамазан айында құптан намазынан кейін жамағат болып оқылатын намаз. Бұл – сауабы мол, мұсылмандар арасында кең тараған сүннет амалдардың бірі. Жамағат имамға ұйып немесе әр адам жеке өзі құптан намазынан кейін 20 рәкат тарауих намазын оқиды.

Тарауық намазында көбіне қарилар имамдық жасап, Рамазан айының 30 күні бойы Құран Кәрім толық хатым етіледі, яғни қасиетті кітап бастан-аяқ оқылып шығады. Көпшілік жағдайда оқылған Құран сауабы дүниеден өткен марқұмдарға бағышталады.

Сондай-ақ, әр екі немесе төрт рәкәғаттан кейін жамағат болып тарауық тәсбихтары дауыстап оқылады. Бұл да Рамазан түндерінің рухани атмосферасын арттыратын әдемі дәстүрлердің бірі.

Биыл тарауық намазы қашан басталады

Биыл алғашқы тарауық намазы 18 ақпан күні кешке, құптан намазынан кейін оқылады. Сол кештен бастап мұсылмандар Рамазан айының түнгі намаздарын бастайды.

Тарауық намазының тасбихы

Оқылуы: «Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкүүт. Субханә зил-иззәтә уәл-азамәти уәл-құдрати уәл-кибрия-и уәл-жәбәруут. Субханәл-мәлики-хаййл-ләзи лә йәмуут. Суббуухун құддуусұн раббүна уә раббүл-мәләәикәти уәррууһ. Ләә иләәһә иллаллаһү нәстәғфирұллааһ нәсәлүкәл жәннәтә уә нә узү бикә минәннар».

Қазақша мағынасы: «Патшалық және мүліктер иесі Алла пәк. Үстемдік, ұлылық, құдірет, үлкендік және өктемдік иесі Алла пәк. Өлмейтін (мәңгі) тірі (патшалардың) патша Алла пәк. Өте пәк, тым кіршіксіз Раббымыз, әрі періштелердің Раббы, әрі Жәбірейілдің Раббы, Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Алладан жарылқау тілеймін. Я, бір Алла! Сенен жәннат тілеймін және тозақ отынан сақта деп саған сыйынамын».

Еске сала кетейік, бұған дейін ауызашар мен сәресінде оқылатын дұғаларды жазған едік.