«Жұмыстан кетуге мәжбүрледі»: Burger King-ке қатысты дау туды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
burger king
фото: Burger King

Әлеуметтік желіде белгілі мейрамханалар желісі Burger King-ке қатысты дау туды. Әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратай белгілі бренд аутизм диагнозы бар ұлына қысым жасап, жұмыстан шығуға мәжбүрледі деп айыптады.

Қысым жасай бастады

Жанаттың сөзінше, аутизм спектрі бұзылған ұлы Әлібек Burger King-те төрт жыл аспаз болып жұмыс істеген. Ұжымға еніп, нормасын артығымен орындауға тырысқан. Еңбек демалысын да жоспарлап жүрген. Бастапқыда ұжымы Әлібекке барынша қолдау көрсететін, кейін жаңа басшылық келген соң жағдай өзгерді дейді Жанат.

«Жаймен Әлібекке қысым жасала бастады, ол өзгеріп кетті. Жұмыстан шығуға мәжбүрлеп жатыр деген хабарды естігенге дейін не болып жатқанын білмедік», – деп жазады Жанат хабарламада.

Ол жаңа басшылыққа барып сөйлесуге тырысқан, бірақ еш нәтиже болмайды.

«Мен бір роботпен сөйлесіп тұрғандай болдым. Ол біздің елімізге жақында ғана келген екен, инклюзивті қоғам туралы мүлде ештеңе білмейді. Аутизм диганозы бар адамдар басқалармен тең дәрежеде жұмыс істей алатынынан хабары жоқ», – деген наразылығын білдіреді.

Жанаттың жазбасы әлеуметтік желіде кең таралып, қызу талқыланып кетті. Бұрын Burger King-те жұмыс істедік деген кейбір қолданушылардың жазуынша, Сергей есімді жаңа бас директор Ресейден көшіп келген. Оның өзгелерге де қысым жасағаны, еңбек құқықтарын бұзғаны туралы пікір қалдыра бастады.

Burger King не дейді?

Burger King болған жайтқа қатысты түсініктеме берді. Компания мәліметінше, 2026 жылдың 29 желтоқсанында Әлібектің өзі HR-департаментке демалысқа кету туралы өтініш қалдырған. Осыдан кейін байланысқа шықпай кетеді. Ал 6 ақпанда кеңсеге қызметкердің анасы Жанат Қаратай келіп, өз атынан жазылған арыз қалдырады.

Бірақ компания мұндай құжатты тек қызметкерлер өздері жазуы керек екенін айтып, оны қабылдамайды. Бірақ жағдайды реттеу үшін Әлібекті басқа мейрамханаға ауыстыруды ұсынған көрінеді.

«Қазіргі таңда Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылған жоқ, ол Burger King Kazakhstan қызметкері болып қала береді. Компания оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған жоқ… Инклюзивті болу біздің корпоративті мәдениетіміздің маңызды бөлігі», – деп жазылған компанияның ресми түсініктемесінде.

Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға қатысты наразылық білдіріп, кейбірі мейрамханалар желісіне теріс баға қойып жатыр.

Аутизм – ми дамуына байланысты ерекшелік. Ол адамның қарым-қатынас жасауына, сөйлеуіне, мінез-құлқына және әлемді қабылдауына әсер етеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада дамуында ерекшелік бар 14,5 мың кәмелетке толмаған бала тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз