
2026 жылдың қаңтарында отандық автомобиль нарығы өсім көрсетті, ал сатып алушылардың көбі жергілікті өндірістегі көліктерді таңдады. Жыл басында сатылған жаңа автокөліктер саны өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артты, оның ішінде 87,4%-ы Қазақстанда құрастырылған.
Қазақ автомобиль одағының (ҚАО) хабарлауынша, қаңтарда елімізде 14,1 мың көлік құралы сатылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,2%-ға көп.
Нарық көшбасшында – Kia
Қаңтар айында қазақстандықтардың таңдауы көбіне Kia модельдеріне түскен. Бұл брендтің бір жыл ішінде сатылымы шамамен 3 есе өсті (+183,1%). Ал бір айлық қорытынды бойынша 2,8 мың автокөлік сатылды.

Қаңтар айында танымал болған 5 марка:
- Kia – 2,8 мың дана
- Hyundai – 2,7 мың дана
- Chevrolet – 2,5 мың дана
- Chery – 1 мың дана
- Changan – 717 дана
Ең танымал модельдер
Kia жалпы есепте бірінші болса да, жеке сатылымда Chevrolet Cobalt көшбасшы орында тұр, жүргізушілердің сеніміне ие седанның 2,2 мың данасы сатылды.
Үздік үштікке сонымен қатар Kia Sportage (1,5 мың дана) және Hyundai Tucson (1,4 мың дана) кроссоверлері кірді.
Қазақстандықтар жергілікті зауытта құрастырылған көліктерді көбірек таңдай бастады
Сарапшылар «Қазақстанда жасалған» деген брендпен шыққан өнімдерге таңдау көп түсіп жатқанын айтады. ҚАО президенті Анар Мақашева қазақстандықтар жергілікті жинақтың сапасына және технологиялық деңгейіне сенім арта бастағанын атап өтті.
«Бұл ұлттық өнеркәсіптің қазіргі құзырет деңгейін айқындайды. Мемлекет құрған инвестициялық климат, әлемдік автоөндірісте көшбасшы елдерден технология жеткізу, ұлттық инвесторлардың белсенділігі, инженер кадрлар дайындау – бәрі бірігіп қазақстандық автомобильжасау саласының кейінгі бірнеше жылда алға үлкен қадам жасауына көмектесті», – деп мәлімдеді Анар Мақашева.
Статистика көрсеткендей, жаңа отандық көліктерді көбіне олардың қолжетімді бағасы мен Қазақстанның жергілікті жағдайларына бейімделгендігі үшін таңдайды.
Еске салайық, қазақстандық автокөліктер Моңғолия нарығына баж салығынсыз жеткізіледі. Сенат Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімін ратификациялады.