
2026 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер енді тікелей автокөлік иелерінің қалтасына әсер етеді. Елде толық көлемде «қымбат көліктерге салық» іске қосылды, ал ескі көліктерге жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы kursiv.media Inbusiness деректеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Кімдер көбірек төлейді
Енді құны 18 000 АЕК-тен (шамамен 77,85 млн теңге) асатын көліктерге 10% акциз салынады. Бұл норма импорт кезінде, алғашқы тіркеуде немесе ел ішіндегі қайта сату кезінде қолданылады.
Нарықтағы әсері әсіресе Toyota Land Cruiser 300, Lexus LX, сондай-ақ Mercedes-Benz S-Class және Mercedes-Benz G-Class жоғары комплектациялы модельдерге тиеді. Автосарапшы Роман Масленниковтың айтуынша, көліктердің бағасы ресми дилерлерде де, «көлеңкелі» нарықта да өседі. Дегенмен премиум-сегмент сатып алушылары (нарықтың 2–3%) қосымша төлемге дайын болғандықтан, сұранысқа елеулі әсер етпейді.
Салықтан жалтару мүмкіндіктері және екінші нарық
Сарапшылар қымбат көліктерге салықтан жалтаруға әрекеттері болады деп болжайды. Ел ішіндегі мәмілелерде салық негізі келісімшарттағы сома болып саналатындықтан, сатушылар ресми бағасын төмен көрсетіп, қалған бөлігін қолма-қол бере алады.
Сонымен бірге Қазақстандағы «За рулем» журналының бас редакторы Алексей Алексеев атап өткендей, премиум-көліктер Қазақстанда тез арзандайды, яғни, үш жылда 45%-ға дейін құнын жоғалтуы мүмкін. Егер ескі шетелдік көліктің бағасы 77,8 млн теңге шегінен төмен түссе, акциз төлеудің қажеті болмайды.
Ескі көліктерге жеңілдіктер
Сонымен қатар, көлік салығына төмендетілген коэффициенттер енгізілді:
- 0,7 – 10–20 жылдық көліктерге;
- 0,5 – 20 жылдан артық көліктерге.
Елдегі автопарктердің жартысынан көбі 20 жылдан асқандықтан, сарапшылар бұл шараны әлеуметтік сипатқа ие деп санайды. Еуропа немесе Жапониядан айырмашылығы, онда ескі көліктерге салық өсірілсе, Қазақстан керісінше халыққа қолдау көрсетуді таңдады. Яғни көлікті жаппай жаңартуға мүмкіндігі жоқ азаматтарды қорғау жолын ұстануда.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қозғалтқыш көлемі үлкен жеңіл көліктерге салынатын салық айтарлықтай өсті. Бұл 4 мың текше сантиметрден жоғары қозғалтқышы бар автокөліктерге қатысты.
Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өседі. Бұл өзгеріс импорттық автокөліктердің бағасына тікелей әсер етеді, себебі оларды елге әкелген кезде ҚҚС есепке алынады. Импорттық автокөліктердің бағасы орта есеппен 5-10% немесе одан да көп өсуі мүмкін. Мұның бәрі модельге және жеткізу шарттарына байланысты болады.