
Төтенше жағдайлар министрлігі Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде қар көшкіні қаупі артқаны туралы ескертеді.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 16–19 ақпан аралығында қар жамылғысының жағдайы тұрақсыз болып отыр, ал оның биіктігі едәуір жоғары.
«Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде жауын-шашынның жалғасуына байланысты қар көшкінінің жоғары ықтималдығы сақталуда. Құтқарушылар қар басқан баурайларға шығудан бас тартуға кеңес береді, өйткені кез келген қозғалыс көшкіннің түсуіне себепші болуы мүмкін», – деп ескертеді министрлік.
Айта кетейік, Қазақстанның бес өңірінде су тасқыны қаупі төніп тұр. Осыған орай Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев көктемгі су тасқынына дайындық бойынша жиын өткізген болатын. Ол әкімдіктерге тасқынға қарсы шараларды күшейтуді және барлық жұмыстарды 1 наурызға дейін аяқтауды тапсырыды.
Ал елорда әкімдігі су тасқынына дайындық жұмыстарын қазірден бастап кетті. Жергілікті билік тасқын суды өткізуге арналған кешенді іс-шаралар жоспарын да бекіткен.