Әйелін жындыханаға қамаған ер адам достарымен бірге түрмеге қамалды

Түркістанда әйелін байлап, күштеп психикалық денсаулық орталығына жатқызып тастаған күйеуі мен оның достарына үкім шықты. Сот айыпталушылардың бірін – 9 жылға, екеуін 8 жылға бас бостандығынан айырды. Жәбірленушіге моралдық зиян ретінде 11 млн теңге өтемақы беруге міндеттеді.
17 ақпанда Түркістан қаласының ауданаралық соты отбасындағы жанжалдан кейін әйелін Шымкенттегі психикалық денсаулық орталығына жатқызып тастаған күйеуі мен оның екі досына қатысты үкім оқыды. Сот айыпталушылардың барлығын «Адам ұрлау» бабы, «Психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру» бабымен кінәлі деп танылды. Бұған қоса, жәбірленушінің күйеуін «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен жазалады.
Сөйтіп судья Санжар Қойшыманов жәбірленуші Дияра Ибрагимованың күйеуі Дилмурод Иброгимовты – 9 жылға, оның достары Дариер Мамуров және Фуркат Юсуповты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Бұған дейін үйқамақта болған үш айыпталушы да сот залынан қамауға алынды.
Олар жәбірленушіге моралдық шығын ретінде 11 миллион теңге өтейтін болды. Азаматтық талап қоюшы Дияра Иброгимованың келтірілген моралдық зиянды өндіру туралы талап қою арызы ішірана қанағаттандырылсын. Оның пайдасына азаматтық жауапкер Дилмурод Иброгимовтан келтірілген моралдық зиян – 5 млн теңге, Дариер Мамуровтан – 3 млн теңге, Фуркат Юсуповтан – 3 млн теңге өндірілсін, – деді судья.
Оқиға 2024 жылы болған. Түркістан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жәбірленушінің шағымын жариялаған. Оның жазуынша, күйеуі психикалық денсаулық орталығының қызметкерлерімен алдын ала келісіп, оны ақыл-есі кем деп орналастырған. Әйел емханада 3 күн болған. Әйел орталықтан шыққан соң полицияға арызданған. Десе де іс жабылған. Кейіннен прокуратура істі тоқтату туралы полицияның қаулысын жойып, қылмыстық істі қайта қозғаған.