Жаңалықтар

Ақмола облысында трактор басып кеткен адам аман қалды

Бес дәрігер 7 сағат бойы жамбас сүйектерін қайта жинап шыққан / фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Бес дәрігер 7 сағат бойы жамбас сүйектерін қайта жинап шыққан / фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ақмола облысы Жақсы ауданының Новокиенка ауылында жұмысшы трактор басып кеткен. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды.  

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, түрлі жарақат алған өте ауыр халдегі жұмысшы жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілген.  

Пациент түскен сәттен бастап әрбір минут есепте болды. Дәрігерлердің бағалауынша, ер адамның жағдайы өмірі қыл үстінде болған. Жансақтау бөлімінде дереу диагностика жүргізіліп, шұғыл шаралар жасалған.

Хирургтер ішкі қатты қан кетуді тоқтатып, бауырын тікті. Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін өкпеқап қуысына дренаж орнатылды. Сонымен қатар, сыртқы бекіту аппаратының көмегімен жамбас сүйектері тұрақтандырылды.

Жедел әрекеттер науқасты ауыр хәлден шығарып, жағдайын бірқалыпты ұстау мүмкіндік берген. Ауыр жарақат жамбас сүйектерін толық реконструкциялауды талап етті. Әдетте,мұндай күрделілік деңгейіндегі оталар тек облыстық орталықтарда немесе республикалық институттарда жасалады.

Бірақ науқастың жағдайы шұғыл көмекті дәл сол жерде көрсетуді қажет етті. Травматология институтының мамандарымен телемедицина арқылы өткізілген консилиумнан кейін, Жақсы ауруханасының дәрігерлері батыл шешім қабылдаған. Қашықтықтан кураторлық бақылау арқылы отаны өздері жасауға бел байлапты. Бұл күрделі ота аудан тарихында тұңғыш рет жасалды.

Бес маманнан тұратын бригада 7 сағат бойы жамбас сүйектерін қайта жинап шыққан. Пациенттің жағдайы тұрақты, орташа ауыр дәрежеде деп бағаланып отыр. Қазіргі кезде ер адамның қимыл-қозғалыс белсенділігі қалпына келген.

Мұның алдында министрлік Алматыда бір күнде 60 донор қан тапсырғанын хабарлаған еді.