Lifestyle

Бас мүфти: Ораза — жүректі тазарту амалы

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы
Наурызбай қажының пікірінше, адамның иманы көп құлшылық жасаумен өлшенбейді / фото: Мүфтият

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылмандардың қасиетті айы туралы ғибрат айтты. Бас мүфтидің пікірінше, Оразажүректі тазарту амалы.

Ораза мақсаты

Мүфтият басшысы оразаның шынайы рухын түсінген адам ас пен судан тыйылуды басты мақсат етпейді деп есептейді.

«Ораза – ең алдымен жүректің амалы. Ол – жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге бағытталған ұлы құлшылық», – дейді бас мүфти.

Оның пікірінше, ауыз бекітудегі негізгі мақсат – жүректі Аллаға жақындатып, ой мен жүректі түрлі дерттен тазалау, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру.

«Сондықтан оразаны саналы түрде жүрекпен ұстап, оның рухани мәніне терең үңілген абзал. Сонда ғана ораза адамды рухани кемелдікке бастайтын шынайы жүрек амалына айналады».

Патша түзелсе…

Наурызбай қажы адамның иманы көп құлшылық жасаумен өлшенбейді деп есептейді. Оны тағы да кіршіксіз жүрекпен байланыстырады.

«Тақуалық – жүректің тазалығында. Жүрек таза болса, адамның ғұмыры да, амалы да көркем болады«, – деп ойлайды қажы.

Бұл ретте бас мүфти қарапайым теңеулерге жүгінді.

«Ғалымдарымыз жүректі патшаға, ал дене мүшелерін оның әскеріне теңеген. Егер патша түзелсе, оның әскерлері де түзеледі. Ал патша бұзылса, әскер де бұзылады».

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылы Ораза айы 19 ақпанда басталады.