
2026 жылдың басында Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде Freedom Holding бизнес-тобы мен оның негізін қалаушы Тимур Турловқа қарсы кезекті шабуыл толқыны басталды. 2026 жылдың алғашқы екі айына жетер-жетпес уақыт ішінде 3,2 мың жалған ақпарат тіркелді. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай «жаңалықтардың» саны 72 мыңнан асқан.
Бұл жағдайды медиа-нарықтың көрінісі ретінде қарастырсақ, алдымыздан ұйымдасқан жағымсыз индустрияның ауқымды көрінісі ашылады. «Курсив» басылымы «қара пиар» деректерінің массивіне талдау жасап, Freedom Holding Corp. ұсынған 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы мәліметтерді зерттеді.
Мазмұны:
Не туралы жазады: «қаржы пирамидасынан» бастап Telegram-каналдардағы абсурдқа дейін
Шабуыл ауқымы және «қара пиардың» математикасы
Іздеу жүйелері мен алгоритмдер қалай жұмыс істейді?
Шабуылдың артында кім тұруы мүмкін?
Бопсалау әлде көзін жою соғысы ма?
Не туралы жазады: «қаржы пирамидасынан» бастап Telegram-каналдардағы абсурдқа дейін
Шабуылды орындаушылар Freedom және Тимур Турловқа қарсы бір типті шаблондарды қайталап таратумен айналысады. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы (БАҚ) негатив негізінен мынадай айыптауларға құрылған: «Қаржы пирамидасын» құру, қаржыны офшорларға шығару, санкцияларды айналып өту.
Сонымен қатар кез келген бизнес-мәміле криминалды сипатта көрсетілуде (мысалы, «Транстелекомды» сатып алу «ғасыр аферасы» ретінде ұсынылады). Сондай-ақ, «КазТАГ» агенттігіне қатысты жалған ақпарат тарату бойынша қозғалған қылмыстық іске байланысты тақырыптар да әдейі үдетіп беріліп жатыр.
«Қара» ақпараттық науқандардың бірі Telegram-арналардағы жазбалар. Мұндай арналардың толық тізімі «Курсив» редакциясының иелігінде. Құжаттағы мыңдаған сілтемелер Ресейдің компромат таратуға маманданған желілеріне, мысалы, Мәскеу мэрі Сергей Собянинге қарсы құрылған арналарға апарады. Тапсырыс беруші «қара» бот-фермаларды жай ғана көтерме бағамен жалдай салған. Мұндай фермалар үшін не жариялайтыны маңызды емес, олардың мақсаты сілтемелер саны бойынша KPI-ды орындап, қомақты ақша табу.
Бот-фермалардан жарияланымдарды көтерме бағамен сатып алған «сорақы орындаушылар» бұл көлемді жасанды интеллект көмегімен жасалған «жаңалықтармен» толтырады. Әрине, мұндай материалдарда Freedom Holding Corp. немесе Тимур Турловтың ресми пікірлері атымен жоқ. Ал дезинформациялық сюжеттердің мазмұны көбіне кездейсоқ деректерді жай ғана біріктіре салудан тұрады. Бұл нағыз симулякр: жоқ нәрсенің көшірмесі немесе пародиясы.
Он мыңдаған хабарламадан тұратын таусылмайтын ақпарат ағыны оқырман үшін ешқандай пайдалы ақпарат бермейді. Оның негізгі мақсаты іздеу жүйелерін жағымсыз сөздермен толтырып тастау. Бұл жағдай «қара» науқандарды орындаушылар өз тапсырыс берушілерін алдап жүр деген ойға жетелейді. Олар негативті контекстегі мағынасыз «жаңалықтардың» үлкен көлемін көрсетіп, есеп береді. ChatGPT-ге Freedom Holding Corp. компаниясы туралы бірнеше секунд ішінде жағымсыз мәтін құрастыруға тапсырыс беру түк те қиын емес. Орындаушылар осы үшін тапсырыс берушілерден қыруар ақша алып отыр.
Шабуыл ауқымы және «қара пиардың» математикасы
Freedom Holding Corp. пен Тимур Турловқа қарсы бағытталған ақпараттық науқанның қарқындылығын көрсететін сандар Қазақстанның медиа нарығы үшін бұрын-соңды болмаған құбылыс. Елдегі белгілі бір тұлғаға қарсы ұйымдастырылған негативті науқандар әдетте бірнеше аптаға, кей жағдайда бірнеше айға созылады. Ал Freedom Holding Corp. компанияларын дискредитациялау процесі осыдан жеті жыл бұрын басталып, қазір қарқын алып отыр.
Freedom Holding өкілдерінің «Курсивке» берген мәліметі бойынша, жарияланымдардың басым бөлігі интернеттің орыс тілді сегментінде шоғырланған. 2025 жылы 72 мың дезинформациялық материал тіркелді. Оның 55 мыңы Telegram-да, қалған 17 мыңы БАҚ-та жарияланған.
Сонымен қатар 2025 жылдың мамыр айында Freedom Holding Corp. пен Тимур Турловқа қатысты «ақпараттық дүрбелеңнің» шарықтау шегі байқалды. Осы кезеңде кездейсоқ сипаттағы 12 мыңға жуық «қара» жалған «жаңалықтар» түріндегі дезинформацияның күрт өсуі тіркелді. Бұл жағдай «КазТАГ»-қа жасалған шабуылмен тұспа-тұс келді.
Ауқымын түсіну үшін: компанияға қатысты орта есеппен тәулігіне 250 ақпараттық соққы жасалған. Бұл үш ауысыммен жұмыс істейтін толыққанды жаңалық агенттігінің бір тәуліктегі өндірістік көлемімен шамалас. Алайда бұл жағдайда бүкіл «редакцияның күші» тек жағымсыз ақпарат таратуды өндіруге бағытталған.

«Курсив» редакциясының иелігінде «КазТАГ» агенттігінің соңғы үш жылдағы барлық жарияланымдарын (шамамен 200 мың материал) қамтитын сараптамалық құжат бар. Онда агенттіктің Турлов пен оның компаниясын әдейі нысанаға алғаны туралы нақты тұжырымдар жасалған. Мысалы, Тимур Турлов есімі танымал бизнесмендер Михаил Ломтадзе, Тимур Құлыбаев және Болат Өтемұратовқа қарағанда шамамен 11 есе жиі аталған.
Құжатта: «Freedom бренді Kaspi және Halyk Bank-ке қарағанда шамамен 4 есе, ал Банк ЦентрКредит пен ForteBank-ке қарағанда 20-40 есе жиі айтылады. Сонымен қатар «КазТАГ» банк саласына маманданған басылым емес, онда банк секторына қатысты сыни материалдар байқалмаған. Демек Турлов пен Freedom-ға жасалған ақпараттық шабуыл – нысанаға алып жасалған», – деп жазылған.
Іздеу жүйелері мен алгоритмдер қалай жұмыс істейді?
Мұндай жаппай жарияланымдардың басты мақсаты – саналы оқырманның көзін жеткізу емес, алгоритмдік жолмен іздеу жүйелері мен нейрожелілерде брендтің беделін «басып тастау».
Бұл технология «конвейерлік» әдіспен жұмыс істейді. Алдымен белгісіз бір сайтта фейк немесе манипулятивті жаңалық жарияланады. Содан кейін ол ондаған «қайталама-сайттарда» және жазылушысы жоқ мыңдаған Telegram-каналдарда жаппай таратылады. Мұндай «мақалалардың» тезистері бірдей, тақырыптары ұқсас, ал суреттері жасанды интеллект арқылы жасалған.
«Бұл қазір тек іздеу жүйелеріне ғана емес, жасанды интеллектіге де әсер етеді, – деп түсіндіреді «Курсивке» танымал PR-маман, 2B AGENCY негізін қалаушы Алексей Бендзь. – Сынайтындар көбейеді. Іздеу жүйесі брендке қатысты осындай байланыстағы қызығушылықты байқап, бұл материалдарды алғашқы беттерге белсенді түрде шығара бастайды. Оқырмандардың 80%-ы тек тақырып пен суретке ғана қарайды. Соның нәтижесінде адамның санасында теріс пікір қалыптасады. Егер оған біреудің немесе компанияның жаман екенін 20 рет айтса, ол соған сене бастайды – оның орнына шешім қабылданып қойған».
Дегенмен, ITCOMMS PR-агенттігінің негізін қалаушы әрі жетекшісі Александр Лихтман оргаикалық жолмен пайда болған негативті алдын ала жоспарланған шабуылдан ажырата білуге шақырады:
«Ақпараттық шабуылдарға тән сипат – белгілі бір тақырыптың ешқандай салмақты бастапқы дереккөзсіз-ақ кенеттен дүрілдеп шыға келуі. Мәселен, бар-жоғы үш адамы бар шағын пабликтен басталған дүние, аяқ астынан үлкен толқын тудырады. Мұндайда ақ пен қараны ажырата білу керек».
Шабуыл құны қанша?
2026 жылы Freedom және Тимур Турловқа жасалған қысым тоқтаған жоқ. Тек қаңтар айы мен ақпанның алғашқы онкүндігінде мониторинг жүйелері 3 191 жағымсыз материалды тіркеді. Жарияланымдардың басым бөлігі Telegram-каналдарда шыққан. «Қара пиар» науқандарының тапсырыс берушілері ақпараттық кеңістікті мағынасыз негативпен толтыру үшін әлі де орасан зор бюджет жұмсап жатыр.
Тапсырыспен жасалатын негатив нарығының нақты прайс-парақтары бар. Алексей Бендзьдің айтуынша, БАҚ-тағы бір жарияланым – 1 млн теңгеден, Telegram-каналдарда – 500 мың теңгеден басталады. Ал егер жарияланым «көлеңкелі» сипатта болса, баға 2–3 есе өсуі мүмкін.
«Бұл материалдар анонимді түрде және ресми құжатсыз жарияланатындықтан, бағасы әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Жарияланымдардан бөлек, осының бәрін ұйымдастырып, жалақы алатын адамдар бар. Бұл өте ауқымды және жан-жақты науқан», – деп атап өтті Алексей Бендзь.
Александр Лихтман ауқымдағы операцияларға мынадай баға берді:
«72 мың жарияланым – бұл жүздеген мың емес, миллиондаған доллар. Бұдан кімге пайда келетінін іздеу керек», – дейді.
Ең төменгі есеппен алғанда, Freedom Holding Corp. пен Тимур Турловқа қарсы жеті жылға созылған ашық шабуылдың құны 20–50 млн доллар аралығында бағалануы мүмкін. Бұл – шамамен 10 млрд-тан 25 млрд теңгеге дейінгі сома. Ал 2025 жылғы шабуылдың шыңында шығын жылына 11–12 млн долларды (6 млрд теңге) құраған. Яғни, айына шамамен 1 млн доллар немесе 594 млн теңге жұмсалып отырған.
Қазақстанның медиа нарығы үшін бұл жай ғана PR-акция емес, ірі корпорацияның толыққанды ұзақ мерзімді коммуникациялық бағдарламасымен тең шығын. Мұндай соманы жұмсауға тіпті орта бизнес өкілдерінің де қауқары жетпейді.
Есептеуге 2025 жылғы 72 мың дезинформация (55 мың Telegram-да және 17 мың сайттарда) негізге алынды. Репутациялық SEO саласында бюджет былай бөлінеді:
- 2% – қымбат «зәкірлі» посттар;
- 8% – орта деңгейлі алаңдар;
- 90% – жаппай таратылатын материалдар.
Тек жариялаудың өзі нарықтық бағамен шамамен 8 млн доллар тұрады. Оған мәтін жазу, бот-желілерді басқару, хостинг және прокси сияқты операциялық шығындарды (40–50%) қоссақ, жылына сол баяғы 11–12 млн доллар шығады.
«7 жылда 20 млн доллардан астам ба? Меніңше, бұл сома бұдан да көп. Өйткені мұнда жүйелерді бұзуға, қызметкерлердің жеке аккаунттарына шабуыл жасауға және басқа да деструктивті әрекеттерге жұмсалған шығындар ескерілмеген», – дейді «Фридом Финанс» АҚ адвокаты Александр Камендоровский.
Бұл ақшаға бірнеше сауда орталығын, үш жаңа мектеп салуға немесе премиум кластағы жеке ұшақ немесе яхта сатып алуға болар еді. Бірақ бұл қаражат тек Freedom Holding Corp. пен Тимур Турловтың беделіне нұқсан келтіру үшін жұмсалды. Қазақстанда мұндай артық ақша кімде бар?
Шабуылдың артында кім тұруы мүмкін?
Сарапшылардың пікірінше, негізгі себеп Freedom Holding Corp.-тың қарқынды бизнес-экспансиясында жатыр.
«Турлов бұрын бәрі жақсы болып тұрған көптеген адамдардың мүддесіне тиіп кетті. Келді де, өнімінің, агрессивті маркетингінің есебінен бәсекеге түсіп, нарық үлесін тарта бастады, – дейді Алексей Бендзь. – Мұны Freedom банк сатып ала бастаған, телеком, медиа, финтех салаларына кірген кезеңмен салыстыруға болады – қай бағытта қанша үлес алғанын қарау керек. Freedom-ке қарсы түрлі тараптардан жүйелі ойын жүріп жатыр. Менеджменттің кез келген «қателігі» Турловқа шабуыл жасауға мүмкіндік ретінде қарастырылады, әрі оған қаржы аямайды».
Александр Лихтман тапсырыс берушілер Тимур Турлов «жолын кескен немесе кесуі мүмкін» тұлғалар болуы ықтимал деп есептейді. Ал саясаттанушы Марат Шибутов бизнесменнің тұлғалық ерекшеліктері оны оңай нысанаға айналдырғанын айтады:
«Біріншіден, ол тым тез байыды. Екіншіден, оның өмірбаяны ұзақ уақыт бойы көпшілікке белгісіз болды – ол жұрттың көз алдында өскен жоқ, сондықтан ол туралы кез келген ойдан шығарылған әңгімелерге жұрт тез сенеді. Ресейден келіп, нарықтың үлкен бөлігін сатып алған жаңа ойыншы біздің кішкентай нарығымыздағы көптеген адамдарға ұнамайды», – дейді Шибутов. Ол сондай-ақ Турловтың жеке басына тоқталып: «Мен оны көрдім. Ол жеке қарым-қатынаста жақсы адам, ең құрығанда жанжалға құмар емес», – деп қосты.
«Фридом Финанс» АҚ адвокаттарының пікірінше, компанияға қарсы көпжылдық шабуылды нарықтағы үстемдігінен айырылып қалу қаупін әлі де Турловтан көретін бәсекелестер ұйымдастырған. Олардың айтуынша, дәл осы тараптар «Фридом Финанс» эволюциясына қарсылық білдіріп, негізгі желісі – беделге соққы беру болған қаралау науқанын жолға қойған.
«Media System Group» директорлар кеңесінің төрайымы Майра Салықова «Курсивке» берген сұхбатында егер компания жеті жылға созылған шабуылды тіркеп, оны нақты бір субъектімен дәлелді түрде байланыстыра алса, онда оның мықты аналитикалық базасы бар деген сөз екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай науқанның шамаланған құнын технологиялық тұрғыда, соның ішінде жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып есептеуге болады.
«Егер компания жеті жылға созылған шабуылды тіркеп, оны нақты бір субъектімен байланыстырып отырса, демек оларда салмақты аналитикалық база бар. Бірақ барлық негативті бір ғана адамға жаба салу – стратегиялық тұрғыдан қауіпті. Егер шабуыл 2019 жылдан бері жалғасып жатса, екі сценарий болуы мүмкін: не компанияда шынымен де жауапсыз қалған жүйелі сұрақтар қордаланған, не оған нарықтан ығыстыру мақсатында мақсатты түрде қысым көрсетілуде. Егер ойыншы өзіне кім шабуыл жасап жатқанын білсе, «не үшін?» деген сұрақ артық».
Майра Салықова репутация бұл эмоция емес, жүйе екенін, сондықтан онымен жүйелі түрде жұмыс істеу керектігін айтып түйіндеді.
Бопсалау әлде көзін жою соғысы ма?
Дағдарысқа қарсы классикалық PR саласында «негативке блок қою» деген ұғым бар – бұл ақпараттық рэкеттің құрбаны жарияланымдарды тоқтату үшін желі әкімшілеріне ақша төлейтін жағдай. Алайда, бұл жағдайда сарапшылар қарапайым бопсалау белгілерін көріп тұрған жоқ.
Александр Лихтманның пікірінше:
«Егер бұл бопсалау болса, ерте ме, кеш пе «іс-әрекетке шақыру» (call to action) болуы керек еді. Мысалы: «бізге өтемақы беріңдер, сонда тоқтатамыз» немесе «активіңді бер» деген сияқты талаптар қойылуы тиіс. Егер мұндай талап болмаса, оны шантаж деу орынсыз. Демек, Турловтың беделі біреулердің бизнес мүдделеріне кедергі келтіріп отыр», – дейді Александр Лихтман.
Алексей Бендзь де науқанның басты мақсаты – репутацияға әсер ету екенімен келіседі:
«Бұл жағдайда PR – бәсекелестік күрестің құралы. Ойын «қара» әдістермен жүріп жатыр, мақсат – клиенттер мен серіктестер теріс айналуы үшін репутацияның көзін жою. Ондаған адам «бүгін беделді қалай түсіреміз?» деген жалғыз міндетпен тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Бұл хикая жақын арада аяқтала қоймас».
Жеті жылға созылған шабуыл
Тимур Турлов бұған дейін өзіне және холдингке жасалған ақпараттық қысымның 2019 жылдан бері тоқтамай келе жатқанын айтқан болатын. Мұндай қарқынды шабуылды жеті жыл бойы ұстап тұру тек орасан зор ресурстары бар ойыншылардың ғана қолынан келеді.
«Мен әрдайым: «Мұны 2019 жылдан бері ай сайын кім істеп отыруы мүмкін?» деген сұрақ қоямын. Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдардың барлық басшылары ауысты. Президентіміз ауысты. Барлық күш құрылымдары, соның ішінде өте ықпалдылары да жаңарды. Соған қарамастан, әлдебіреулерде әлі күнге дейін соған жететін бюджеттер мен тұтас департаменттер бар», – деді Тимур Турлов.
Турловтың пайымдауынша, ақпараттық соғыстарда дәл сондай әдіспен жауап беруге болмайды.
«Егер кез келген зорлық-зомбылыққа зорлықпен жауап берсең, орта тек нашарлай береді. Меніңше, бұл біз өмір сүргіміз келетін қоғам да, ел де болмайды. Сондықтан, біздің қазіргі істеп жатқанымыз – ең сорақы жағдайларда тек заңды әдістерді қолдануға тырысу».
Жеті жылдық ақпараттық шабуылға қарамастан, Тимур Турлов ашық қарым-қатынас орнатуды жалғастыруда. Ол Financial Times, Digital Bridge, ITS Ideas, Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі сияқты ірі алаңдарда сөз сөйлеп, YouTube-те ондаған сұхбат берді. Бизнесмен журналистермен де жиі кездеседі. Оқырман жоспарларын ашық талқылайтын және сын-ескертпелерге жеке өзі жауап беретін тірі адамды көргенде, анонимді Telegram-каналдардың негатив таратуы айтарлықтай қиындай түседі.

Freedom Holding Corp. экожүйесінің өнімдері миллиондаған қазақстандықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Егер адамдардың жеке пайдалану тәжірибесі күн сайын керісінше нәтиже көрсетіп тұрса, оларды бұл бизнестің «бос қуыс» екеніне сендіру мүмкін емес.
Марат Шибутовтың пікірінше, делдалдардың тым көптігінен нақты тапсырыс берушілерді табу қиынның қиыны. Дегенмен, сот басты құрал болып қала бермек:
«Бізде прецеденттер бар. Мұның бәрін сот талқылауы аясында жүзеге асыруға болады. Бірақ арам пиғылды дәлелдеу керек, бұл әрдайым мүмкін бола бермейді».
Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин 2025 жылғы қарашада елде «инфорэкетке» ешқандай жеңілдіктермен, марапаттармен немесе келісімшарттармен қолдау көрсетілмейтінін мәлімдеді. Өзінің авторлық бағанында ол блогерлер мен жалған қоғамдық белсенділер туралы сөз қозғап, олардың қызметі іс жүзінде бопсалау құралына айналғанын атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе өткен жылдары «деструктивті элементтермен ойнау» саясаты аясында қалыптасқан. Соның салдарынан ақпараттық қысымды табыс көзіне айналдырған тұтас бір топ пайда болған.
Карин «инфорэкеттің» сызбасы қарапайым екенін айтты: белгілі бір тақырып төңірегінде жасанды түрде резонанс туғызу, содан кейін жарияланымдарды өшіру үшін сыйақы ұсыну. Ол мұны журналистика да, қоғамдық қызмет те емес, шантажға негізделген жартылай қылмыстық модель деп атады.
Билік жаңа цифрлық этиканы – ақпаратты жауапкершілікпен тарату мәдениетін ілгерілетуді көздеп отыр. Себебі үстірт әрі манипулятивті контент ағыны қоғамдық талқылаудың сапасын төмендетіп, шын мәнінде маңызды мәселелердің қабылдануын бұрмалайды.
Сот заңды әдіс ретінде
Естеріңізге сала кетейік, «КазТАГ» басылымы өз ресурстарында, соның ішінде сайтта, Telegram және YouTube арналарында Freedom Holding Corp. пен Тимур Турлов туралы 259 негативті материал жариялаған. Турлов бұл жарияланымдардың шындыққа жанаспайтынын айтып, бірнеше рет пікір білдірген болатын.
Freedom Holding айналасындағы жағдай Қазақстандағы бәсекелестік этикасын мәселе етіп көтеріп отыр. Компания заңгерлері болып жатқан жайтты «жоспарланған шабуыл» деп атады. 2025 жылдың соңында Telegram-дағы шабуыл тіпті үдей түсті.
Бұған дейін «Курсив» басылымы ашық қуғындау процесінің дәстүрлі БАҚ-тан әлеуметтік желілер мен Telegram-ға 2021 жылы-ақ ойысқанына назар аударған болатын. Бұл – ақпараттық соғыс алаңдарының өзгеруіне қатысты ұзақ мерзімді трендтің дәлелі.