Health

Елде балаларға қызылшаға қарсы вакцина салынғаны тексеріледі

Комитеттің хабарлауынша, «сәтсіз екпелерден» туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді / Фото: Shutterstock
Елде екі мыңға жуық жағдай тіркелген / Фото: Shutterstock

Елде кейінгі жылдары қызылша вирусына қарсы иммунитеті қалыптаспаған адам саны көбейген. Мұны Алматының №1 перзентхананың дәрігер-эпидемиологы Мадина Туашева айтты. Маманның сөзінше, қызылша жұқтыратындардың 92%-ы – 14 жасқа толмаған балалар.

Қызылша ең алдымен төрт жасқа толмаған балалар үшін аса қауіпті. Қазірге дейін қызылша жұқтырғандардың 75%-ы осы тапқа жатады.

Қазір ел бойынша жоспардан тыс иммундау шаралары жүргізіліп жатыр. Ерте жастағы балаларға ерекше көңіл бөлінген. Дәрігерлер 6-11 айлық балаға  «нөлдік дозаны» ұсынады.

«Бұл бір жаста жасалатын жоспарлы екпеге дейінгі ең қауіпті кезеңде баланы қорғауға мүмкіндік береді. 18 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлерінің вакцинация деректері қайта қаралып жатыр. Егер екпе салынбаған болса немесе мәліметтері жоғалған жағдайда, мамандар иммундаудан мүмкіндігінше тезірек өтуді ұсынады», – делінген ақпаратта.

Қызылша несімен қауіпті?

Қызылшаны бастапқы кезеңде ауыр жедел респираторлық вирустық инфекциямен шатастыру оңай. Екі жағдайда да қызуы көтеріліп, кейде 39-40 градусқа дейін жетеді. Қатты жөтел пайда болып, мұрыннан су ағып, көз қызара бастайды.

Қызылшаға тән белгі: бөртпе шыққанға дейін бір-екі күн бұрын ұрттың ішкі бетінде ұсақ ақ дақтар пайда болады. Кейін бөртпе біртіндеп тарайды. Алдымен бет және құлақ артында, содан соң денеде, кейін қол мен аяқта пайда болады

Қызылшаға күдік туған жағдайда дәрігерлер баланы өз бетінше емханаға апармауға кеңес береді. Науқас өзге балалар мен ересектерге жұқтыруы мүмкін. Мұндайда дәрігерді үйге шақыру қажет.

Мұны қауіпсіз инфекция деп қабылдамаған дұрыс, арты ауыр пневмонияға, ми қабынуына әкелуі мүмкін.

Вакцина салдырғанын тексеру ұсынылды

Мамандар ата-аналарға баланың вакцина салдырған-салдырмағанын eGov қосымшасы арқылы тексеруге немесе педиатрдан нақтылауға кеңес берді.

Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері елде екі мыңға жуық адам қызылша жұқтырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, көпшілігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.

Ауырғандардың шамамен 79%-ы екпенің бір де бір дозасын алмаған. Тағы 18%-ы тек бір рет салдырған, ал небәрі 3%-ы екі дозадан тұратын толық курстан өткен.