Импортты азайту: Үкімет дамытатын 36 бағытты айқындады

Вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте жасаған баяндамасында импортқа тәуелділікті төмендету үшін нақты жоспар бекітілетінін мәлімдеді.
Жұманғариннің айтуынша, қазір азық-түлік секторында 12 бағыт және азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалған.
«Азық-түлік бағыты агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі сегменттерін қамтиды. Олардың қатарында ет, сүт, құс еті, астық, қант, жеміс-көкөніс және балық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, жылыжай кешендерін дамыту, көкөніс сақтау инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу бар. Азық-түлікке жатпайтын сектор импорт үлесі жоғары тауарларды өндіруге бағытталған. Бұл – жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және тұрмыстық химия өндірісі», – дейді ол.
Бұл бастамалардың маңызды құрамдас бөлігі – ондаған миллиард доллар көлемінде ауқымды қаржыландыруды қамтамасыз ете алатын капиталдандырылған даму қаржы институттары. 2026 жылы Бәйтерек ұлттық инвестициялық холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру көзделген.
Экономиканың нақты секторына шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бұл қаражат өндіріс пен бизнес жобаларды дамытуға бағытталады.
Ал «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары 2030 жылға дейін өнеркәсіп саласындағы перспективалы әрі несиеге қабілетті жобаларды 100–120 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржыландыруды жоспарлап отыр. Яғни алдағы жылдары өндіріс саласына ірі инвестиция құйылмақ.
Айта кетейік, елімізде ауыл шаруашылығы дамығанымен, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділік сақталып отырғаны жайлы депутат Жигули Дайрабаев Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында айтқан еді.