Маңғыстау облысында сарбаз қайтыс болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Оқиға Маңғыстау облысында болған/фото: shutterstock

Маңғыстау облысында сарбаз қайтыс болды. Оқиға 2025 жылдың 17 ақпанында Бейнеу полигонында болған.

Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоспарлы далалық атыс жаттығуларын өткізу кезінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаруды пайдалану барысында жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

«Осы факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген ақпаратта.

Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған комиссия жіберілді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор, Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаментінің бастығы барған.

«Қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалды. Іс бойынша процессуалдық прокурор айқындалды», – делінген ақпаратта.

Істің тергелу барысын Бас прокуратура бақылауға алды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде әскерде жүргенде жағы сынған сарбаз Есбол Қапардың видеосы тарады.

Сондай-ақ оқыңыз