
«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Тоқаевтың ұлттық компаниялар қызметкерлері жұмысын жеткілікті деңгейде атқармай, қонақүйлерде шай-кофе ішіп, бос әңгімемен отыратыны жайлы сынына қатысты пікір білдірді.
Үкіметтегі брифингте журналистер аталмыш сынға қатысты «Бәйтерек» басшысының пікірін сұрады. Рустам Қарағойшин холдинг қызметкерлері керісінше, жұмыста қарбалас екенін, тіпті кейде жұмысты артығымен істейтінін айтты.
«Біздің қызметкерлер үнемі жұмыспен қарбалас жүреді. Кейде артық жүктеме де болады. Қызметкерлеріміздің бос отырып, кофе ішіп жүргенін көрген жоқпын», – деп жауап берді Қарағойшин.
Сондай-ақ Қарағойшин өзінің де тұрақты түрде кеңседе болатынын жеткізді.
Бұған дейін Тоқаев квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың жұмысына сын білдірген.
«Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Түскі уақытта қонақүйлерде отырып, пікір алмасып, шай-кофе ішіп отырады. Ашығын айту керек, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды», – деген еді президент 10 ақпандағы жиында.
Айта кетейік, кеше президент сынына іліккен «Самұрық Қазына» холдингі бас кеңсесіндегі қызметкерлерінің 10%-ын қысқартпақшы деген ақпарат тараған еді. Бүгін ұлттық холдинг мәлімдеме жасады.