Ми дәуірінен ЖИ дәуіріне қадам: Қазақстан білім жүйесін қалай өзгерткелі отыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Жасанды интеллект бүгін де бүкіл әлемде тек технологиялық трендке емес, мемлекеттердің білім саясатына тікелей әсер ететін стратегиялық құралға айналды. Әлем елдері оқу үдерісін дербестендіру, мұғалімнің жүктемесін азайту және білім сапасын арттыру үшін ЖИ технологияларын жүйелі түрде енгізіп жатыр. Бір мемлекеттер ұлттық платформа құрып, екіншісі мұғалімдерді жаппай оқытса, енді бірі этикалық шектеулерді күшейтіп жатыр. Қазақстан да бұл көштен қалмауға тырысып, білім беру жүйесін цифрлық трансформациялауға бет бұрған. Алайда жасанды интеллект мектепке нақты қалай енгізіліп жатыр? Оның моделі қандай және жауапкершілік кімге жүктеледі? Мақаламызда біз осы мәселелерге тереңірек үңіліп көрдік.

Бүгінде жасанды интеллект медицинадан бастап қаржы секторына дейінгі барлық саланы түбегейлі өзгерте бастады. Банктер клиенттердің мінез-құлқын болжау үшін алгоритмдерді қолданса, өнеркәсіп ошақтары өндірістік процестерді автоматтандыру арқылы шығынды азайта түсті. Медицинада ЖИ диагноз қою жылдамдығын арттырып, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік берді. Ал логистика саласында жеткізу тізбегі алгоритмдік модельдер арқылы оңтайландырылса, медиа индустриясында контент генерациясы жаңа деңгейге шықты.

Ең үлкен өзгеріс еңбек нарығында байқалады: сарапшылар алдағы онжылдықта көптеген дәстүрлі мамандықтардың форматы өзгеретінін болжайды. Компаниялар қызметкерлерден тек білім емес, цифрлық сауат пен алгоритмдермен жұмыс істей алу қабілетін талап ете бастады. Осы жағдайда мектеп қабырғасында ЖИ құралдарын меңгермеген оқушы болашақта бәсекеге қабілетті бола ала ма деген сұрақ туындайды.

Міне, сондықтан білім саласы – жасанды интеллект ықпалы ең терең сезілетін бағыттардың бірі. ЖИ оқу мазмұнын жекелендіруге, әлсіз тұстарды анықтауға және оқу нәтижесін болжауға мүмкіндік береді. Алайда технология мүмкіндігі артқан сайын этика, қауіпсіздік және академиялық адалдық мәселесі де алдыңғы орынға шығып отыр.

Еуропа сақтықпен қарайды

Еуропада жасанды интеллектіні білім саласына енгізу белсенді түрде ынталандырылып жатқанымен, қоғам бұл процеске көзсіз сеніммен қарамайды. Еуробарометр жүргізген соңғы әлеуметтік зерттеу нәтижесі осыны айқын көрсетеді. Бұл жөнінде Euronews басылымы жазды.

Зерттеуге қатысқандардың жартысынан көбі ЖИ білім беру мен оқыту үдерісіне бір мезетте әрі пайданы да, қауіпті де әкелуі мүмкін деп санайды. Яғни еуропалықтар технологияны абсолютті игілік немесе абсолютті қатер ретінде емес, қос қырлы құрал ретінде қабылдайды. Бұл пікірді ең көп қолдайтын елдер – Финляндия (65%) мен Эстония (63%). Сонымен бірге Франция мен Ирландияда мектепте нейрожүйелерге орын жоқ деп есептейтіндер үлесі ең жоғары – тиісінше 28% және 27%. Бұл – ЕО елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Демек, ЖИ енгізу мәселесінде елдер арасында да, қоғам ішінде де көзқарас әркелкі.

Гендерлік және жас ерекшелігі де маңызды рөл ойнайды. Ер адамдар әйелдерге қарағанда ЖИ оқыту сапасын жақсарта алады және одан қорықпау керек деп санайды.

15-24 жас аралығындағы жастар да егде жастағыларға қарағанда ЖИ-ді білімге енгізуге көбірек қолдау білдіреді. Еуропалықтардың шамамен сегізінің тоғызы (35% – толық келіседі, 46% – көбінесе келіседі) барлық мұғалім жасанды интеллектіні қолдану және түсіну дағдыларын меңгеруі тиіс деп есептейді. Тек 11% «көбінесе келіспейді», ал 3% «мүлде келіспейді» деген жауап берген. Бұл – педагог құзыреттілігі Еуропада басты басымдық екенін көрсетеді. Кипр мен Мальтада бұл пікірді қолдаушылар саны ең жоғары болса, Чехияда «толық келісетіндер» 24 пайыз ғана.

Сонымен қатар шамамен әрбір төртінші респондент мектептер мен университеттерде ЖИ-ді қалай және қашан қолдану керектігі жөнінде нақты нұсқаулықтар болуы тиіс деп санайды. Мұғалімдерге құралдарды енгізу барысында институционалдық қолдау көрсету қажеттігі де атап өтілген.

Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – жалған ақпарат мәселесі. ЕО-ның барлық елінде кемінде 85% азамат мұғалімдер оқушыларға ЖИ арқылы жасалған жалған мәтін, видео және суреттерді тану дағдыларын үйретуі тиіс деп есептейді. Бұл көрсеткіш Бельгия, Франция және Нидерландыда 85% болса, Португалияда 95%-ға жетеді. Тағы бір маңызды тұжырым: шамамен 80% еуропалық ұстаздар балаларға технологиямен қауіпсіз жұмыс істеуді үйретуде шешуші рөл атқаруы тиіс деп санайды.

Бір қызығы, ЖИ енгізуге ашық көзқарас болғанымен, 69% респондент мектептерде смартфон сияқты жеке цифрлық құрылғыларды пайдалануға тыйым салуды қолдайды. Қазір ЕО-ның кемі 12 елінде смартфондарға түрлі шектеулер енгізілген, тағы төрт ел бұл мәселені қарастыруда. Бельгия 2025–2026 оқу жылынан бастап мектептерде ойын-сауық мақсатында мобильді телефон қолдануға ресми түрде тыйым енгізді.

Еуропа тәжірибесі бір айқын қорытындыға әкеледі: ЖИ-ді енгізу технологиялық емес, басқарушылық және этикалық мәселе. Мұғалімнің рөлі сақталып қана қоймай, күшейтілуі тиіс.

Қазақстанның қадамы қандай?

Осы мәселені қаузап, Оқу-ағарту министрлігі нақты қандай қадамдарды жасап жатқанын білу үшін ведомствоға ресми сауал жолдағанбыз. Әуелі Қазақстан мектептерінде ЖИ енгізудің нақты моделі қандай екенін білгіміз келеді. Себебі ұлттық бірыңғай платформа пайда болатыны-болмайтыны, әр мектептің дербес таңдауы, әлде гибрид жүйе ме деген сұрақтың жауабы өзекті.

Министрліктің мәліметінше, елде жасанды интеллект саласындағы отандық әзірлемелерді қамтитын Ұлттық білім беру платформасын әзірлеу басталған. Министрлік ЖИ ұстаздың орнын баспайды деген ұстанымда екен.

«Жасанды интеллект педагогтің орнын баспайды, оқу процесінде тек құрал ретінде пайдаланылады және соңғы шешімді мұғалім қабылдайды. Жалпы жасанды интеллектке қатысты жауапкершілік мәселелері Жасанды интеллект туралы Заңның 8-бабында реттелген. Сонымен бірге, жасанды интеллектті білім саласына енгізу бойынша жұмыс тобы құрылып, оның ішінде этикалық мәселелер мен оқу процесінде ЖИ қолдану шеңберін анықтау бағыттары бойынша жұмыс жүргізілуде», – делінген министрліктің жауабында.

Яғни Қазақстан орталықтандырылған ұлттық платформа құруға бет бұрғанымен, шешуші рөлді мұғалімге қалдыру моделін жариялап отыр. Сонымен қатар ЖИ қолданудан туындайтын қателік, зиян немесе тәуекел жағдайларындағы жауапкершілік заңнамалық деңгейде реттелетінін атап өткен.

Мұғалімдерді даярлау, деректер қауіпсіздігі және академиялық адалдық

Министрлік жауабында мұғалімдерді даярлау мәселесіне ерекше тоқталған. 2025 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен серіктестікте әзірлеген «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» атты онлайн-курсты 240 мыңнан астам педагог аяқтап, куәлік алғаны жазылған. 2026 жылдан бастап пән мұғалімдеріне арналған офлайн және онлайн форматтағы үш біліктілікті арттыру бағдарламасы іске қосылады:

  1. «Бастауыш сыныптарда оқытуды жекелендіруге арналған цифрлық технологиялар және жасанды интеллект»;
  2. «Оқытуды жекелендіруге арналған цифрлық технологиялар және жасанды интеллект»;
  3. «Шағын жинақты мектептерде аралас оқытуды іске асыруға арналған цифрлық технологиялар және жасанды интеллект».

«Мұғалімдердің ЖИ-құзыреттілігін дамытуға бағытталған кәсіби даму және сертификаттау моделі ЮНЕСКО-ның AI Competency Framework for Teachers бағдарламасына негізделген. Бағалау жүйесі мұғалімнің кәсіби ілгерілеуін және ЖИ құралдарын қолданудағы жетістіктерін ескеретін икемді тәсілге негізделеді. Қорытынды бағалау нәтижесінде сертификат беріледі. Сонымен бірге, ЖИ-ді енгізу бойынша жұмыс тобы тиісті іс-шараларды қарастыруда», – делінген жауапта.

ЖИ қолданылатын сервистерде оқушылардың оқу үлгерімі, тапсырма мәтіндері, мінез-құлық индикаторлары сияқты деректердің қорғалуы заңнамалық деңгейде бекітілген. Министрлік жанынан құрылған жұмыс тобы этикалық стандарттар мен оқушылардың ЖИ қолдануының үлгілік қағидаларын әзірлеп жатыр.

Академиялық адалдыққа қатысты министрлік ЖИ-ді қолданудың этикалық стандартын әзірлеу, оқу процесінде қолдану шеңберін нақтылау және оқушылардың ЖИ дағдыларын дамыту бойынша ұсынымдар дайындау бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Биыл мектептер мен колледждерде әзірленген этика жөніндегі базалық стандарттарды пилоттық сынақтан өткізу жоспарланған.

2026 жыл ішінде шамамен 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасы аясында ЖИ қолдану бойынша практикалық дағдыларды меңгеруі жоспарланып отыр. Бұл жоба демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ жұмыс тобы ЖИ шешімдерін енгізуден уақыт пен ресурстарды үнемдеу әлеуетін бағалау, тиімділік критерийлері бар пилоттық жобаларды іске асыру алгоритмін әзірлеу бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Абайламасақ ЖИ баланың санасына балдақ болып қалады»

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Руслан Қаратабанов жасанды интеллект технологияларын білім саласына енгізуден қорықпау керек деп санайды. Оның сөзінше, әріп пайда болған кезде немесе кітап басатын баспахана жасалған кезде де адамзатта қорқыныш болған. Айналып келгенде соның бәрі адамзаттың игілігіне айналған.

Фото: Руслан Қаратабанов

«Сол сияқты жасанды интеллект те білім саласына әсер ететін үлкен технологиялық жаңалық. Мұны енгізген кезде жасанды интеллекті қай жерде мүлде қолдануға болмайтынын (талдау, синтездеу, интерпретациялау), қай жерде болатынын (кесте құрау, визуал жасау), қай жерде шамамен ғана (идея өндіру және дамыту) енгізуге болады деген сұрақтарға жауап беріп, дидактикалық аспектілерді реттеп алу керек. Әйтпесе, бей-берекет қолдансақ, ол баланың ой-ақылына көмекші құрал емес, балдақ болып қалады. Ол тек баланың ойлауын жеделдететін машинаға айналуы керек. Әйтпегенде бала ойлау қабілетінен айырылып қалады», – дейді ол.

Руслан Қаратабанов ЖИ адамзат үшін жасалған соң оны дидактикамен қолдану керек деп санайды. Сарапшы қазір ЖИ-мен балалар да, студенттер де әуестеніп кеткенін, академиялық адалдық, әдеп нормалары ұсталуы керектігін ескертті. Сөзінше, академиялық әдеп сақталған соң оны емін-еркін қолдануға кеңес береді, себебі ЖИ бүгін де бүкіл әлемнің ортақ игілігіне айналған.

«Компьютер немесе интернет шыққан кезде білім сапасы төмендеп кетпей ме деген қауіп болған. Төмендеп кетпейді. Кез келген бірінші сыныптың баласын алып қараңыз. Көп шаруаны олар қазір жасанды интеллектпен тындырып отыр. Қазір ЖИ-дің генеративті, өз бетімен контент өндіреді», – дейді ол.

Еуропа елдерінің сақтығына сарапшы түсініспен қарайды. Кәрі құрлықтың елдері осындай кез келген жаңашылдыққа сескене қарайтынын атап өтеді. Руслан Қаратабановтың сөзінше, Азия елдері, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай немесе АҚШ «бұдан енді адамзат құтыла алмайды, біз оны бағындырып алуымыз керек» деп санайды.

«Жаңа әдістемелер керек»

Paradigm Shift білім тобының негізін қалаушысы, Adaptive Radiation венчурлық студиясының партнері, Дьюк және Оксфорд университеттерінің түлегі Ғабит Бекахметов ЖИ технологияларын білім саласына енгізген кезде тек оқушылармен емес, ең алдымен мұғалімдер мен мектеп әкімшілігімен жұмысты күшейту керек деп санайды. Сарапшы қазір дәптерді әлі күнге дейін көзбен тексеріп, қолмен қате түзеп отырған мұғалімдер ЖИ-ді меңгеруі керек деп санайды. ЖИ технологияларын осындай шаруаларды еңсеруге үлкен көмегі тиетінін, уақытты үнемдейтінін атап өтеді.

Фото: Ғабит Бекахметов

«ЖИ бүкіл аналитиканы жасап, білім саласын келесі деңгейге көтереді. Әлбетте, оның тәуекелдері де бар. Мәселен, оқушылар мен мұғалімдер көп болған соң техникалық қамту жағынан мәселе туындауы мүмкін. Себебі ЖИ технологиялары компьютерлердің күшін көбірек «жейді». Сол үшін бәрімен жұмыс істеу үшін басында біраз мемлекетке қымбатқа түсуі мүмкін, бірақ кейін жемісін береді», – дейді ол.

Сарапшы ЖИ технологиялармен бірге білім саласына жаңа әдістемелер әлі келе қоймағанын айтады. Жаңа әдістемелер келе бастаған кезде ғана ЖИ-дің педагогикадағы ренессансын көре аламыз дейді ол.

«Қазір ЖИ бұрынғы әдістемелер бойынша жұмыс істеуімізді жақсартады. Бірақ ең жақсысы, жаңа әдістемелер туындауы керек», – дейді Ғабит Бекахметов.

Жасанды интеллект білім саласына енді. Ендігі мәселе оны енгізуде емес, оны қалай, қандай қағидатпен және қандай жауапкершілікпен қолдануда болып тұр. Еуропа тәжірибесі көрсеткендей, технологияның табысы оның өзінде емес, мұғалімнің рөлін сақтап, этика мен қауіпсіздікті нақты реттей алуында. Қазақстан да институционалдық қадамдарға кірісті, бірақ бұл реформаның шынайы нәтижесі алдағы уақытта ашық өлшемдермен, тәуелсіз бағалаумен және нақты тиімділік көрсеткіштерімен дәлелденуі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз