
2033 жылы іске қосылатын төртінші мұнай өңдеу зауыты елдің ішкі нарығындағы авиакеросинге сұранысты толық өтеуге мүмкіндік береді. Бұл жөнінде Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2026 – 2033 жылдарға қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу жоспарланған. Бұл еліміздің мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді вице-министр.
Вице-министрдің сөзінше, жаңа зауыттың іске қосылуы және қолданыстағы зауыттарды жаңғырту ішкі нарықтағы мұнай өнімдері тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартуға жол ашады.
«2028 – 2030 жылдары 3 мұнай өңдеу зауытының көмегімен авиакеросиннің тапшылығы жылына 500-ден 300 мың тоннаға дейін қысқарады және дизель отынының тапшылығы толық жойылады», – дейді Тұтқышбаев.
Вице-министр 2033 жылдан бастап ел авиакеросин тапшылығынан толық арылып, дизель отыны мен бензинді көрші мемлекеттерге экспорттай бастайтынын айтады. Сөзінше, қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу тереңдігі 89%-дан 94%-ға артады, ал жаңа зауытта 95%-ды құрайды. Отынның сапасы да К4-тен К5 класына дейін көтеріледі.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭС) аясында бензин бағасы қымбаттауы жағынан бірінші орынға шықты.