Отбасы банк Дариға Назарбаеваның Астанадағы қонақүйін неге сатып алды

Бұрын Дариға Назарбаева иелік еткен «Думан» қонақүйі «Отбасы банкке» сатылған. Бұл жөнінде Үкіметтегі брифингте «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Думан» – мемлекетке қайтарылған актив. Оны бұған дейін аукцион арқылы сату әрекеттері жасалған. Қонақүй ғимараты аукционда бұрын 14 млрд теңгеге бағаланған еді.
«Бұл активті сату саясаты аясында оны аукционға шығару әрекеттері болды. Алайда ұсынылған баға әлеуетті қатысушыларды қанағаттандырмады. Аталған нысан шаршы аумағы мен техникалық параметрлері жағынан дәл «Отбасы банкінің» көшуіне лайық болды. Банкке арнайы инфрақұрылым қажет, бұл ғимарат соған сәйкес келді. «Отбасы банк» заңнама аясында конкурсқа толыққанды қатысып, нысанды сатып алды және қаражатты мемлекетке аударды», – деп түсіндірді Қарағойшин.
Осылайша, ғимаратты шартты түрде мемлекет иелігінде қалды деуге болады. Қарағойшиннің сөзінше, жаңа нысан салу әлдеқайда қымбатқа түсер еді.
Жалпы аумағы 44 206,5 шаршы метрді құрайтын ғимаратта боулинг клубы бар, жертөлесімен қоса 18 қабаттан тұрады. Кешен 2059 жылға дейін жалға алынған жер телімінде орналасқан. Мұнда 211 қонақүй нөмірі, алты бизнес-конференц-зал, екі мейрамхана және бассейн қарастырылған.