Қазақстанда автокомпоненттер өндіретін жаңа өндірістер іске қосылады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанда автокомпоненттерді локализациялау бойынша жаңа жобалар іске қосылады. Бұл жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

««Allur» компаниясы автокомпоненттер өндірісін локализациялау орталығының құрылысына кірісті. Одан бөлек алдағы үш жылда ­– жылыту және кондиционерлеу жүйелері, тежегіш, салон мен еденге арналған пластикалық бөлшектер сияқты автокомпоненттерді локализациялау бойынша жаңа жобаларды іске қосу жоспарлануда.»,  – деді министр.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, сала былтыр рекордтық өсім көрсетіп, машина жасау секторындағы үлесі 41,7%-ға жеткен. 2025 жылы Қазақстанда 171 мыңнан астам көлік шығарылса, оның 159 мыңы – жеңіл автокөлік.

Жаңа зауыттар

Министрдің мәліметінше, кейінгі жылдары елде екі жоғары технологиялық өндіріс іске қосылған. Алматыда Chery, Haval, Changan брендтерін шығаратын мультибренд зауыты ашылса, Қостанайда Kia Qazaqstan зауыты жұмысын бастаған. Бұл жобалар автокөлік құрастырумен ғана шектелмей, қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуға да жол ашып отыр. Сөзінше, өткен жылы Алматы индустриялық аймағында автокомпоненттер технопаркі іске қосылған. Мұнда мультимедиа жүйелері мен автокөлік орындықтары өндіріледі.

Өңірлердегі өндіріс

Саран қаласында «Tengri Tyres» зауыты автомобиль шиналарын шығаруды жолға қойған. Ал Қостанайдағы «KamLitKZ» кәсіпорнында заманауи автоматтандырылған жүйелер арқылы шойын құю өндірісі іске қосылған.

Сондай-ақ оқыңыз