Самұрық-Қазына «не істерін білмей жүрген» қызметкерлерін қысқартпақшы

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Асқар Ахметуллин

«Самұрық Қазына» холдингі бас кеңсесіндегі қызметкерлерінің 10%-ын қысқартпақшы. БАҚ-та осындай ақпарат тарағаннан кейін ұлттық холдинг мәлімдеме жасады.

Мәселенің мән-жайы

Бұған дейін Тоқаев квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың жұмысына сын білдірген.

«Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды», – деген президент 10 ақпандағы жиында.

Ол компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарау керек деген тапсырма айтқан.

Астанадағы компанияларда қысқарту бола ма?

Осыдан кейін «Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің бір бөлігін қысқартпақшы деген ақпарат тарады. Холдинг таратқан жауапқа қарасақ, шын мәнінде, компанияда оңтайландыру жүруі мүмкін.

«Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында әкімшілік-басқару персоналының санын оңтайландыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс Астана қаласында орналасқан компанияларды да қамтиды. Аталған шаралар ұйымдық құрылымның тиімділігін арттыруға, қайталанатын функцияларды жоюға және басқару үдерістерін жетілдіруге бағытталған», – деп жазылған жауапта.

Елдегі «Қазақстан Темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком», «KEGOC» тәрізді ірі квазимемлекеттік компаниялардың барлығы «Самұрық-Қазынаға» қарайды. Қоржынында шамамен 500-ден аса компания бар.

Сондай-ақ оқыңыз