Сауда-саттық тоқтайды, Қытайда Жаңа жыл басталды

Осы жылдың 17 ақпанынан бастап Қытай халқы Жаңа жыл мерекесін тойлауды бастады. Бұл мейрам екі аптаға жалғасып, жаңа ай күнтізбесінің алғашқы толған айымен аяқталады деп хабарлайды Kursiv Media.
Бұл мерекеде үйді қызыл әшекеймен безендіреді. Тіпті бір-біріне сыйлықты қызыл қорапқа салып беруге тырысады. Отбасы болып арыстандар мен айдаһарлар биін тамашалап, цзяоцзы атты қытай түшпарасын жеуді дәстүрге айналдырған.
Қайтыс болған ата-баба зиратына барады, туған-туыстарды аралайды. Екі апта ішінде ескі заттарын шығарып тастап, үй-ішін тазалап, көбірек құлшылық жасауға тырысады.
Зұлым рухтарды қорқыту деген мақсатпен фейерверктер, салюттер атылады. Әлбетте, бастапқыда бұл дәстүр ретінде тұрмысқа енген, қазір мерекелік шоуға айналған.
Бұл мерекені тек Қытайда ғана тойламайды. Корея, Вьетнам, Малайзия, Индонезия, Моңғолия тәрізді елдерде Жаңа жыл дәл осы күннен басталады.
Еске салайық, мереке кезінде қытайлықтар сауда-cаттықты тоқтатады. «Қорғас» бекеті де 16 ақпан-1 наурыз аралығында екі апта бойы жұмыс істемейді.