
Шымкент қаласы Еңбекші ауданындағы «Бозарқақпа» тұрғын алабында жеңіл автокөлік газ реттегіш пунктіне соқтығысып, газ-ауа қоспасы жарылды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жарылысқа дейін жүргізуші өз бетімен көліктен шығып үлгерген.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарағанда, жарылыстан болған жалын бірнеше метрге дейін жайылғанын байқауға болады.
Оқиға орнына тез арада жеткен төтеншеліктер өртті сөндірген. Нәтижесінде қызыл жалын жақын тұрған жеке үйлерге тарап үлгермеген. Алайда жарылыстан таяу маңдағы үйдің терезелері сынған.
Одан бөлек Түркістан облысы Төлеби ауданы Абдулабад ауылында да газ құбыры маңында автокөлік өртенген. «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның мәлімдеуінше, автокөлік газ құбырының жерүсті тұсына соғылған. Құбыр зақымданған, газ алауы тұтанып, көлік жанған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ. Өрт тез арада сөндірілді. Өртті ауыздықтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында апаттық диспетчерлік қызмет мамандары «Зертас» газ тарату қосынынан газды ажырату бойынша жедел жұмыс жүргізді», – делінген «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның хабарламасында.
Екі оқиғаның да мән-жайын мамандар тексеріп жатыр.