Шымкентте автобус жүргізушісі мен көлік жүргізушісі тағы жанжалдасты

Жарияланды
Фото: Видео кадры

Таяу күндері Шымкентте автобус жүргізушісі мен жеңіл көлік иесі ерегісіп, бірінің көлігін бірі сүйреген. Енді көп өтпей өзге жүргізушілердің сөзге келіп қалған видеосы тарап кетті. Бұл видеодан да жүргізушілердің жанжалдасқаны байқалады. Оқиға №42 бағыттағы жүргізушінің қатысуымен болған.

Әзірге дау неден, қалай туғаны белгісіз. Ал куәлардың сөзінше, екеуі жолға таласқан. Жеңіл көлік жүргізушісі автобус жүргізушісін ұрған. Тартыс кезінде кей жолаушылар оларды ажыратып, қалғаны автобустың ішінде күтіп отырған. Оқиғаға қатысты полиция әкімшілік іс қозғаған.

«Аталған жайт бойынша оқиға қатысушылары анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Құқық бұзушылар қоғамдық тәртіпті бұзғаны және жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

«Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюповтың айтуынша, автобус жүргізушілердің қатысуымен болатын жанжалдың себебі көп. Автобус – жүргізушілердің жұмыс орны. Олардың құқығы, қауіпсіздігі заңмен қорғалады. Мұны дұрыс түсінбеген кей жолаушылар дөрекі сөйлеп, артық әңгіме айтады. Арасында жұдырық ала жүгіретін адамдар бар.

«Неге төбелес болады? Өз жүргізушімді қорғамаймын. Бірақ айып екіжақта да болуы мүмкін. Біреуі жол бермейді. Бірі асығады, автобус кестесімен жүреді. Айтатыным бір-ақ нәрсе. Қала тұрғындары, жолаушылар автобусқа кірген кезде әркім өз мәдениетін сақтау керек – дейді ол.

Шымкентте күніне мыңға жуық автобус жүргізушісі жолаушыларға қызмет көрсетеді. Олардың әрбір іс-әрекеті арнайы мамандар қашықтан бақылап, баға береді. Кінә жүргізушіден болса жазаланады.

Айта кетейік, кеше ғана Байтұрсынов көшесіндегі «Спорт» аялдамасында жеңіл көлікті қасақана қаққан №17 бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі жұмыстан шығарылған еді.

Өткен жылы Шымкентте автобус жүргізушісін ұрып-соғу фактісі бойынша 1 оқиға тіркелген. Жүргізуші жасөспірім жолаушыдан жолақысын сұрағаны үшін таяқ жеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз