Тоқаев сынына қарамастан, аудит 11 мың әкімшілік іс қозғап, 1,2 млрд теңге өндірді

Жарияланды 17 Ақпан 2026 16:32

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Астана және ақша
ЖИ көмегімен дайындалған коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 2025 жылдың қорытындысын жариялады. Мекеме былтыр 11 мыңнан астам әкімшілік іс қозғап, 1,2 млрд теңге өндіріп алған.

Тексеру нәтижесі

«Жаңа тәсілдер енгізгенін» мәлімдеген аудит комитеті 2025 жылы 1 359 іс-шара жүргізгенін, тексеру 2024 жылмен салыстырғанда 22%-ға аз екенін мәлімдеді. Ресми мәліметке сенсек, қаржы тәртібін бұзу 36%-ға ұлғайып, 462,4 млрд теңгеге жеткен. Мекеме «бір тексерудің өнімділігі үш есеге ұлғайды» деп отыр.

«Бұл ретте 418,4 млрд теңге қалпына келтіріліп, бюджетке қайтарылғанын айта кетейік. Бюджет пайдасына шамамен 1,2 млрд теңге өндіріп алынып, 11 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды», – деп таратты комитет.

Бұған қоса, құқық қорғау органдарына сомасы 25,7 млрд теңге болатын аудит материалдары жіберіліп, соған сәйкес 61 қылмыстық іс қозғалған.

Тоқаев тексеруді доғаруды тапсырған

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 10 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, орынсыз тексеру көбейгенін сынаған. Мемлекет басшысының дерегінше, 2020 жылы 70 мың тексеру жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін артқан.

«Тіпті, оның 85 пайызы жоспардан тыс жүргізілген. Шаш ал десе, бас алатын мұндай әрекетті доғару керек», – деген сол кезде Тоқаев.

Президент оның алдында да талай мәрте шенеуніктерден орынсыз тексеруді доғаруды талап еткен.

«Бизнеске заңсыз араласу, кәсіпкерлерге қысым жасау – бұл мемлекетке қарсы ауыр қылмыс. Тексерулерді қысқарту керек, олар мақсатты болуы тиіс», – деген Тоқаев.

Айта кетейік, ақпанда үкімет жиналысында президент шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырған. Атқарушы билік ұсыныстарды 1 сәуірге дейін енгізуге тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз