Жаңалықтар

Түркістанда 15 жастағы қыздың ішінен 1 келідей шаш шықты

фото: shutterstock

15 жастағы қыз ішінің қатты ауырғанына шағымданып, жедел жәрдеммен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Тексеру кезінде асқазан қуысында бөгде зат бар екені анықталған. Дәрігерлер шұғыл шешім қабылдап, күрделі хирургиялық ота жасаған. Нәтижесінде науқастың асқазанынан салмағы 900 грамм болатын шаш түйіні алынған.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ота Түркістан қалалық балалар ауруханасында жасалған.

«Ота екі сағат елу минутқа созылды. Хирургиялық бригада, анестезиологтар және орта медицина қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, отаны сәтті аяқтады. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында» делінген басқарма хабарламасында.

Хирургия бөлімінің меңгерушісі Бағдат Орынбекұлының айтуынша, баланың кішкентайынан шаш, тырнақ жейтін әдеті болған.

Мамандар мұндай жағдайлар медицинада өте сирек кездесетінін, дер кезінде көмек көрсетілмесе ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін екенін ескертеді.