
Қазақстандық әнші Жұбаныш Жексенұлы Қытайдың Иу қаласында өткен көктем мерекесіне арналған ірі халықаралық концерттік бағдарламаға қатысты. Әнші өз өнерін әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен бір сахнада көрсетті.
Бұл концерт Иу қаласында ұйымдастырылып, Қытайдағы ең ірі мерекелік тележобалардың бірі Spring Festival Gala бағдарламасының ресми аймақтық сахналарының бірінде өтті. Шара барысында қазақстандық өнерпаз халықаралық деңгейдегі орындаушылармен қатар өнер көрсетті. Олардың қатарында америкалық әнші Lionel Richie және әйгілі актер Джеки Чан болды.
2026 жылы Қытайда алғаш рет Иу қаласы Spring Festival Gala жобасының аймақтық негізгі алаңдарының бірі ретінде таңдалды. Мұндай сахналар орталық студиямен тікелей байланысып, бүкіл елге таралатын бірыңғай эфир арқылы өңірлік мәдениетті, сондай-ақ халықаралық әртістердің өнерін таныстырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттік бағдарламаға әлемнің түрлі елдерінен келген өнер иелері қатысқан. Ал Иу сахнасындағы бөлім халықаралық мәдени алмасу мен шығармашылық ынтымақтастықты насихаттауға арналды.
Жұбаныш Жексенұлы – Қазақстан эстрадасында өзіндік орны бар, мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері.
Айта кетейік, Қытай халқы 17 ақпаннан бастап жаңа жылды тойлауды бастап кетті. Қытайдың жаңа жылы қалай өтетінін мына жерден оқи аласыз.
Сондай-ақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинді де жаңа жылымен құттықтаған еді.