Жаңалықтар

Ай сайын 500 мың теңге зейнетақы алу үшін қанша ақша жинау керек

Қаржы кеңесшісі 500 мың теңгеге дейін зейнетақы алу үшін қанша ақша жинау керегін есептеді / Фото: Shutterstock

Әлеуметтік желіде болашақта зейнетке шыққанда қаржылық тұрғыда қиналмау үшін қанша қаражат қажет екені жөнінде қызу пікірталас басталды. Қаржы кеңесшісі Медет Тұранов Threads платформасында есеп жүргізіп, 20 жылдан кейін ай сайын 500 000 теңге алып отыру үшін (жылдық 10 пайыз табыстылық және күрделі пайызбен қайта инвестициялау шартымен) шамамен 90–95 млн теңге жинау қажет екенін айтты.

Оның бағалауынша, бұл мақсатқа жету үшін ай сайын шамамен 140 000–160 000 теңге көлемінде қаражат жинап отыру керек.

Қанша қаражат жинау керек

Есептің формуласы қарапайым: шамамен 90–95 млн теңге капитал жылдық 10 пайыз табыстылықпен жылына 9–9,5 млн теңге табыс әкеледі. Бұл ай сайын шамамен 750–800 мың теңге кіріс әкеледі, бірақ салық төленгеннен кейін қолдағы сома азаюы мүмкін. Осы сомадан шартты түрде «зейнетақы» қалыптасады.

Алайда кейбір желі қолданушылары бұл есептеулерге күмән келтірді. Пікірталасқа қатысқандардың бірі дәл осындай мақсатқа жету үшін 10 жыл ішінде шамамен 70 млн теңге жинау жеткілікті екенін айтты. Ал тағы бір пікір қалдырушы 700 млн теңге керек деген тұжырым жасады.

Басты қауіп — инфляция

Пікір иелерін алаңдататын негізгі мәселе, 20 жылдан кейін ақшаның сатып алу қабілеті қандай болатыны.

«Басты сұрақ 20 жылдан кейін осы 500 мың теңге неге жетеді?» деп жазады қолданушылар.

Орташа инфляция деңгейі жылына 6–7 пайыз болғанның өзінде капиталдан түсетін нақты табыс айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Яғни 20 жылдан кейінгі номиналды 500 мың теңге бүгінгі бағамен есептегенде шамамен 100–150 мың теңгедей ғана әсер қалдыруы ықтимал.

Балама нұсқалар : депозиттер, акциялар, криптовалюта

Талқылауда қаражат жинаудың түрлі тәсілдері айтылды:

  • жинақты ӨЖС (өмірді жинақтаушы сақтандыру) арқылы рәсімдеу;
  • депозиттерге немесе қор нарығына инвестициялау;
  • биткоинге инвестиция салып, орташа жылдық өсімді шамамен 15 пайыз деп есептеу.

Ай сайын 500 мың теңге көлемінде тұрақты табысқа жетуді мақсат ету жеткіліксіз деп санайтындар да бар. Олардың пікірінше, егер қаражатты табыс көп әкелетін жоғары құралдарға, мысалы акцияларға салса, бұдан да көбірек капитал жинауға болады. Бірақ мұндай тәсіл табыс мүмкіндігін арттырғанымен, қаржылық тәуекелі де жоғары болатынын ескеру қажет.

Дүйсенбі, 9 ақпан күні, Президент Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдаған болатын. Онда мемлекет басшысы халықты зейнетақы жүйесін жетілдіру сынды бірқатар тапсырма берді.